Алакөлде полиция мен құтқарушылар тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Туристік маусымның қызған шағында Жетісу облысында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Алакөл жағалауында полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары тәулік бойы кезекшілік атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтап, келеңсіз жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

     Полиция қызметкерлері жағалау аумағы мен халық көп шоғырланатын орындарды тұрақты түрде патрульдеп, құтқарушылармен бірлесіп қауіпсіздік шараларын күшейткен. Кез келген оқиғаға жедел ден қою үшін қызметтік топтар үнемі дайындықта.

     Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологиялардың да мүмкіндігі кеңінен пайдаланылуда. Ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жағалаудағы жағдай нақты уақыт режимінде бақылауға алынып, адам көп жиналған және қауіп төнуі мүмкін аумақтар анықталады. Қажет болған жағдайда алынған ақпарат жақын маңдағы полиция жасақтары мен құтқарушыларға дереу жеткізіліп, тиісті шаралар жедел қабылданады.

     Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері мен құтқарушылар демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген жерлерде суға түспеу және қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік ережелері мен шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылуда.

     Жетісу облысының полициясы өңір тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға және полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың заңды талаптарын орындауға шақырады.

     Қауіпсіз демалыс – әр адамның өз жауапкершілігінен басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1268963?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді