
Бүгін Алматы хайуанаттар бағында ерекше күн. Хайуанаттар бағының ең танымал тұрғындарының бірі кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды.
Фидель 1986 жылы дүниеге келген. 2001 жылы Рига хайуанаттар бағынан Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Осы жылдар ішінде ол келушілер мен қызметкерлердің ерекше ықыласына бөленді. Бүгінде ұзындығы шамамен 4 метр болатын Фидель өз түрінің толық жетілген өкілі.
Фидельге ерекше сый әзірленді. Қолтырауындар тәтті тағам жемейтіндіктен, мерекелік «торт» оның сүйікті асы – сиыр етінен жасалды. Мұндай тарту жануардың табиғи қоректену ерекшелігіне толық сай келеді.
«Фидельдің жағдайы жақсы. Ол белсенді, тәбеті де жақсы, мамандардың тұрақты бақылауында. Біздің хайуанаттар бағында өткізген жылдары ішінде ол Экзотариумның нағыз символына айналды. Мінезі мен қылығы әбден қалыптасқан, оны қызметкерлеріміз жақсы біледі. Жасы ұлғайғанымен, кубалық қолтырауын үшін 40 жас шек емес. Дұрыс күтім жасалса, олар бұдан да ұзақ өмір сүре алады», – дейді Алматы хайуанаттар бағы Экзотариум бөлімінің басшысы Александр Гурнев.
Кубалық қолтырауындар бауырымен жорғалаушылардың ежелгі тобына жатады. Зат алмасу ерекшелігінің арқасында олар қорегін ұзақ уақыт қорытады. Сондықтан хайуанаттар бағында Фидельге аптасына бір рет қана азық беріледі. Әдетте оны әр сейсенбі күні сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін тамақтандырады. Бұл сәтті келушілер тамашалай алады.
Осы 40 жыл ішінде Фидель хайуанаттар бағының қарапайым тұрғыны ғана емес, келушілерді қолтырауындардың тіршілігімен, олардың мінез-құлқымен және сирек кездесетін жануарларды қорғаудың маңызымен таныстыратын ерекше символға айналды.
Алматы хайуанаттар бағының ұжымы Фидельді мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірген барлық келушіге алғыс айтады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1269153?lang=ru

Жауап қалдыру