АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ, ӘДІЛЕТ ОРГАНДАРЫ ЖӘНЕ ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы облысы Полиция департаментінде прокуратура қызметкерлері, әділет органдары мен жеке сот орындаушыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139 және 430-баптарында көзделген қылмыстық істерді тергеу барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері болды.

Кеңес барысында қатысушылар сот шешімдерін орындаудан жалтаруға және сот жүктеген міндеттерді орындамауға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу кезінде туындайтын құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелерін талқылады. Дәлелдемелерді уақытылы әрі жан-жақты жинау үшін қажетті материалдармен алмасу мерзімдерін қысқарту және ақпарат алмасудың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды саралаудың бірыңғай тәсілдері айқындалып, сот шешімдерін орындаудан қасақана жалтаратын тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шараларынан қылмыстық жауаптылыққа уақтылы көшу тетіктері белгіленді.

Сондай-ақ қатысушылар электрондық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Бұл борышкерлердің жүрген жерін және олардың мүлкін жедел анықтауға, сондай-ақ сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Алматы облысы Полиция департаментінде ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ сот актілерінің тиімді орындалуына ықпал ететіні атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1269006?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді