
Павлодар облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы өңірдегі қауіпті өндірістік объектілерде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған техникалық кеңес ұйымдастырды.
Жиынға «Орика Казахстан» АҚ, «Майкаинзолото» АҚ, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Богатырь Комир» ЖШС және «Ырыс 2050» ЖШС сияқты аймақтың жетекші кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында жер қойнауын пайдалану объектілерінде орын алған оқиғалар жан-жақты сарапталды. Атап айтқанда, «Майкубен-Вест» ЖШС тарапынан 2026 жылғы 24 шілдеде «Майкубен» разрезінде болған жазатайым оқиғаның мән-жайы баяндалса, «Орика Казахстан» АҚ өкілдері былтыр жыл соңында «Восточный» разрезінде тіркелген зарядтардың ішінара істен шығу жағдайын түсіндірді. Сондай-ақ қатысушылар өндірістік бақылау қызметтерінің жұмысын қарастырып, қауіпсіз қашықтықтарды есептеу, ұңғымаларды тығындау сапасы мен қоршау посттарының тиімділігін арттыру мәселелерін пысықтады.
Кеңес қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға бұрғылау-жарылыс жұмыстарының жобалық параметрлерін бұлжытпай орындап, қауіпті аймақтардың шекаралары мен қоршау сапасын бақылауда ұстау және жарылғыш материалдардың келіп түсуі мен жұмсалуы жөніндегі тоқсан сайынғы есептерді департаментке тұрақты түрде жолдау міндеттері жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1269489?lang=ru

Жауап қалдыру