
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ақтөбе облысындағы ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалармен танысты
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру салаларындағы жобаларды және әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ең алдымен халықтың жайлы тұрмысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуін көздейді.
Биыл Ақтөбе облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 1122,5 шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары қарқын алған. Оның 856 шақырымы қайта салынып, санаттары өзгермек, екі көпір күрделі жөндеуден өтуде.
Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы. Жалпы ұзындығы 262 шақырым, 7 мердігер 7 учаскеге бөліп салуда.
Жол жөндеушілер енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ресми түрде бастап берген «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысына кіріседі. Осы жерде аса ауқымды, стратегиялық маңызға ие жобалар құрылысын уақтылы аяқтап, сапа талаптарын сақтау ескертілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев телекөпір арқылы үш ірі автожол жобасын бастауға рұқсат берді. Жолдарды 2029 жылға дейін сапалы етіп аяқтауды міндеттеді. Сондықтан жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, туындайтын мәселелерді жедел шешу қажет», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сапар барысында «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар», Т.Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын жолдардағы, «Әлімбет» өткізу пунктіндегі жұмыс ағымы туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасына Ақтөбе өңіріндегі 7 вокзал енген.
Ақтөбе теміржол вокзалының құрылыс қарқынын бағамдау кезінде жауаптыларға сапа мен мерзімді қатаң сақтау, айналадағы аумақты кешенді түрде ретке келтіру, абаттандыру, ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапарының екінші күнінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Онда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктері талқыланды. Инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістер тарту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және техникалық жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды.
Әрі қарай «109» Ахуалдық орталығында мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастырылған цифрлық платформа, «ТҰК «Қазхром» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өндірістің даму жоспары таныстырылды.
Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылу маусымына дайындығы да қаралды. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, жылу беру маусымын тұрақты өткізу тапсырылды. Жоспар бойынша дайындық қыркүйекте аяқталуы тиіс.
Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайының жанынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аумағы 1,6 гектар, серуендеу және жүгіру жолақтары, балалар және спорт алаңдары, амфитеатр, демалыс аймақтары қарастырылған. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Мұндай қоғамдық кеңістіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарына сай келеді.
Сапар соңында Алтын Орда шағын ауданындағы экономикалық-іскерлік аумақта жүзеге асырылатын жобалар, музыкалық драма театр, 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы таныстырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-shalkar/press/news/details/1269203?lang=ru

Жауап қалдыру