2026 жылғы шілдеде Электрондық еңбек биржасында 104,6 мың бос жұмыс орны жарияланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы шілдеде Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер тарапынан 141,2 мың түйіндеме орналастырылды.

Маусым айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайса, түйіндемелер 11,5%-ға өсті. Мұндай өзгеріс жаз мезгіліндегі еңбек нарығының маусымдық ерекшелігімен байланысты. Осы уақытта оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны артады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің ұсынысы сұранысқа қарағанда жылдамырақ өседі.

Салалар бөлінісінде жұмыс күшіне ең жоғары сұраныс білім беру саласында (23,4 мың бос жұмыс орны тіркелді). Сондай-ақ өзге қызметтер көрсету саласында (16,0 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (10,3 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында (8,2 мың), өңдеу өнеркәсібінде (6,8 мың), құрылыс саласында (5,7 мың) бос жұмыс орны ұсынылды.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында (8,8 мың), Түркістан облысында (7,6 мың), Павлодар облысында (7,1 мың), Алматы қаласында (7,0 мың) және Ақмола облысында (6,9 мың) жарияланған.

Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс берушілердің сұранысында орта деңгейдегі мамандарға арналған бос жұмыс орындарының үлесі басым болып, барлық ұсыныстың 38,8%-ын құрады. Төмен біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарының үлесі 30,7%, ал жоғары білікті мамандарға арналған бос жұмыс орындарының үлесі 30,5% болды.

Шілде айында жұмыс іздеушілер 141,2 мың түйіндеме жариялады. Олардың ішінде 35 жасқа дейінгі азаматтардың үлесі – 54%, бұл жаз мезгілінде оқу орындары түлектерінің еңбек нарығына белсенді шығуымен байланысты. 35–44 жас аралығындағы азаматтар – 25%, 45–54 жас аралығы – 14%, 55 жастан асқандар7%. Гендерлік құрам бойынша түйіндемелердің 57%-ын әйелдер, 43%-ын ерлер орналастырған.

Жұмыс күші ұсынысының біліктілік құрылымы еңбек нарығындағы сұранысқа жалпы сәйкес келеді. Орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандардың үлесіне түйіндемелердің 38%-ы, жоғары білікті мамандарға – 38%, ал төмен біліктілікті жұмыс іздеушілерге 24% тиесілі.

Ұсынылған жалақы мөлшері бойынша шілде айындағы ең жоғары еңбекақы бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы лауазымына (шамамен 1,12 млн теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспекторға (шамамен 0,91 млн теңге) және маркетинг пен өнімді өткізу бөлімінің бастығының орынбасарына (шамамен 0,90 млн теңге) ұсынылды.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткендер – ұшқыштар (шамамен 2,39 млн теңге), стюардессалар (шамамен 1,43 млн теңге) және электр станциясының бастығы лауазымына үміткерлер (шамамен 1,32 млн теңге) болды.

Жалпы алғанда, шілде айының көрсеткіштері еңбек нарығындағы маусымдық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Жаз мезгілінде оқу орындарының түлектері еңбек нарығына жаппай шығып, жұмыс іздеушілер санының артуына ықпал етті. Сонымен қатар жұмыс берушілердің негізгі сұранысы бұрынғысынша білім беру, қызмет көрсету және денсаулық сақтау салаларында сақталуда. Жұмыс күші ұсынысының көбеюі алдағы айларда бос жұмыс орындарын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында жалпы 709 мың бос жұмыс орны және 877,2 мың түйіндеме жарияланған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1269793?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді