
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударады.
Осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту.
Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізіп, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Қойылған міндеттерді іске асыру аясында Департамент тарапынан жүйелі түрде бақылау және түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі.
Дегенмен, мемлекеттік органдар тарапынан азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң бұзушылықтарға жол берілетін жекелеген жағдайлар кездеседі.
Атап айтқанда, негізсіз бас тарту, артық құжаттар талап ету немесе қызмет көрсету мерзімдерін бұзу сияқты кемшіліктер орын алып жатады.
Департаментке жыл басынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселесі бойынша 440 өтініш келіп түскен. Нәтижесінде, өтініштер негізінде 64 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.
Жалпы жыл басынан 850 азаматтың құқығы қалпына келтірілді, оның ішінде 64 арыз шағым, 257 сыртқы байқау және 529 жоспарлы тексеру негізде.
Мәселен, ағымдағы жылдың маусым айында Департаментке 43 қызмет алушының қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғаны жөніндегі ұжымдық арызы келіп түскен. Анықталғандай, 2025 жылғы 25 қыркүйек – 24 қараша аралығында 43 қызмет алушымен жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау үшін тиісті мемлекеттік органға өтініштер берілген. Аталған мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау» қағидамен реттеледі (бұдан әрі – Қағида).
Атап өту қажет, Қағиданың 1-қосымшасының 9-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер көрсетілген.
Бұған қоса, «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 19-1-бабының 1-тармағына сәйкес, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартқан кезде көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартудың себептерін көрсете отырып, жауап жібереді.
Бұл тұста, мемлекеттік органмен аталған 43 қызмет алушыларға «жер телімінің нақты бөлінетін көлемі көрсетілмеуіне байланысты өтінішті қанағаттандыру мүмкіншілігі жоқ екендігін хабарлаймыз» деген себептермен қызмет көрсетуден бас тартылған.
Өз кезегінде, құжаттарды зерделеу барысында қызмет алушылар өтінішпен қоса жер телімінің бөлінетін бөлігі көрсетілген схемалар ұсынғаны белгілі болды. Депаратменттің тексеру барысында мемлекеттік органмен Қағида талаптары бұзылып, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғаны анықталды.
Сонымен қатар, алдын ала шешім жобасы жолданбай, тыңдау рәсімдері өткізілмеген.
Нәтижесінде, Департаменттің ықпалымен 43 қызмет алушыға жер учаскелерінің бөлінетіндігі туралы келісімдер беріліп, қызмет алушылардың құқытары қалпына келтірілді.
Азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз
ету – Департамент қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Ержан Нағызханұлы ҚАРЫМСАҚОВ
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1269686?lang=ru

Жауап қалдыру