
Астанадағы Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінде ұлы ақын, ойшыл әрі сазгер Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Көңілім әнді ұғады» атты шығармашылық кеш өтті. Рухани кеш барысында ақынның әндері мен өлеңдері орындалып, қара сөздері оқылып, ұлттық музыка арқылы Абай мұрасы дәріптелді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кеште өнер мектебінің педагогтері мен білім алушылары Абайдың кеңінен танымал әндерімен қатар сирек орындалатын музыкалық шығармаларын орындап, қара сөзінің тәрбиелік мәніне тоқталды. Сондай-ақ ұлттық аспаптар ансамблі мен оркестрінің орындауындағы туындылар көрерменге тарту етіліп, ақын мұрасының көркемдік және музыкалық қырлары жан-жақты насихатталды.
Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің директоры Алмас Сүлейменнің айтуынша Абай мұрасын насихаттау өскелең ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырудағы маңызды міндеттің бірі.
«Абайдың туған күні күнтізбедегі жай ғана атаулы күн емес. Бұл – ұлттық рух пен сананы жаңғыртатын ерекше мереке. Абайды тану арқылы өз мәдениетімізді, тарихымызды және өз болмысымызды танимыз. Бүгінгі шығармашылық кеш – соның жарқын көрінісі. Кеш барысында ақынның өлеңдері мен әндері орындалып, сирек орындалатын күйлері де көрермен назарына ұсынылды. Қазіргі таңда Абайдың күйлерін домбыра және қобыз сыныптарының репертуарлық жоспарына енгізіліп келеді. Өнер мектебінде бірнеше бөлім бойынша 800-ге жуық оқушы білім алып, 90-ға жуық ұстаз қызмет етеді. Барлық білім алушыға Абайдың әндері мен шығармалары оқытылып, оның рухани мұрасы кеңінен насихатталады», – деді Алмас Сүлеймен.
Шығармашылық кеште өнер көрсеткен оқушылар да Абай шығармашылығының олардың дүниетанымына оң әсер етіп жатқанын атап өтті. Солардың бірі Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің оқушысы Айымжан Шынболат.
«Бүгін қазақ әдебиеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақын, ойшыл әрі сазгер Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында шығармашылық кеш ұйымдастырдық. Осы мерекеге орай Абайдың нәзік сезім мен мөлдір махаббатқа толы «Көзімнің қарасы» әнін орындадық. Мен Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінде жеті жылдан бері білім алып келемін. Вокал бөлімінде оқимын, сонымен қатар фортепианода ойнауды меңгеріп жүрмін. Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындау арқылы жақсылық пен жамандықты, білімнің қадірін және адамгершілік құндылықтардың маңызын тереңірек түсіне бастадым. Қазір Абайдың 45 қара сөзін оқып, жаттап жүрмін», – деді Айымжан Шынболат.
Айта кетейік, мұндай тағылымды шығармашылық кештер ұлттық руханиятты дәріптеп, жастардың Абай мұрасына деген қызығушылығын арттыруға және оның шығармашылығын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1269864?lang=ru

Жауап қалдыру