
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 10 шілдедегі №1363 Жарлығына сәйкес, Атырау қаласы бойынша 57 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты шарада мемлекеттік наградаларды Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев табыстап, аналарды қала әкімі Шәкір Кейкінұлының атынан құттықтады.
– Құрметті аналар! Бүгін – еңбектеріңіз ел алдында лайықты бағаланып, мерейлеріңіз үстем болған ерекше күн. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген дана сөздің мәні ешқашан жойылмайды. Өйткені ұлттың болашағы – ананың тәлім-тәрбиесінен бастау алады. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған қолдау мен құрмет – қоғамдағы айрықша орындарыңыздың айқын көрінісі. Сіздер өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, еліміздің демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Ұл-қыздарыңыз тәуелсіз Қазақстанның туын көкке желбірететін білімді де абыройлы азамат болып өсетініне сенімім мол. Отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Мемлекеттік марапат мерейлеріңізді асырып, қуаныштарыңызды еселей берсін! – деді Айбек Сарсенбайұлы.
Салтанатты шара барысында көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалармен қатар гүл шоқтары табысталды. Сонымен қатар өнерпаздар әсем әндерін орындап, мерекелік кештің көркін аша түсті. Аяулы аналар өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1270089?lang=ru

Жауап қалдыру