
Елімізде соңғы бес жылдың ішінде неонаталдық хирургияның қарқынды дамуының нәтижесінде күрделі операциялардан кейінгі нәрестелердің 90%-дан астамы сәтті емделуде.
Соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда ауыр туа біткен даму кемістіктері бар жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші үш еседен астам төмендеді. Неонаталдық хирургияның дамуы, ерте диагностиканың жетілдірілуі, жоғары технологиялық емдеу әдістерінің енгізілуі және мамандандырылған дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының арқасында бұрын өмір сүру мүмкіндігі өте төмен саналған көптеген сәбидің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Мамандардың мәліметінше, ауыр туа біткен аурулары бар жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші 22%-дан 6,9%-ға дейін төмендесе, операциядан кейінгі өмір сүру деңгейі 84%-дан 93%-ға дейін артқан. Бүгінде елімізде жыл сайын шамамен 1 400 жаңа туған нәрестеге операция жасалады, ал мамандандырылған көмек Қазақстанның барлық өңіріндегі перинаталдық орталықтарда қолжетімді.
Дамудың негізгі бағыттарының бірі – ұрықта туа біткен даму ақауы анықталған жағдайда жүкті әйелдерді мамандандырылған медициналық ұйымдарға уақтылы бағыттау жүйесін қалыптастыру болды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес болашақ ана мамандандырылған перинаталдық орталыққа жіберіледі. Онда мамандар жүктілікті жүргізудің оңтайлы тактикасын, босандырудың мерзімі мен әдісін анықтап, сәби дүниеге келген сәттен бастап көмек көрсету үшін қажетті медициналық топты алдын ала дайындайды.
Операциядан кейін нәресте туған жеріндегі медициналық ұйымда неонаталдық бейіндегі мамандардың бақылауында болады.
Қазіргі заманғы пренаталдық диагностика әдістері жүктілік кезінде, оның ішінде 18–20 апта мерзімінде туа біткен даму кемістіктерінің басым бөлігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге сәби дүниеге келгенге дейін дайындық жүргізіп, қажет болған жағдайда өмірінің алғашқы күндерінде хирургиялық түзету жасауға жағдай жасайды.
Елімізде туа біткен аурулардың алдын алу және әйелдерді дені сау жүктілікке дайындау жүйесі де белсенді дамуда.
2025 жылғы тамыз айынан бастап жүктілікке дейінгі дайындыққа бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында әйелдерге 10 негізгі зерттеу түрі қолжетімді, бүгінде олармен қамту деңгейі 54%-ды құрады.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап ұрықты сақтау орталықтарының базасында «Бір күндік клиникалар» жұмыс істей бастады. Бұл бастама пренаталдық скринингпен қамтуды 10%-ға арттыруға, патологияларды анықтау деңгейін 12%-ға көбейтуге және балалар мүгедектігінің деңгейін 8%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Тағы бір маңызды бағыт – феталдық хирургия, яғни ұрықтың кейбір патологияларын жатырішілік түзету. Мұндай операциялар Алматы және Астана қалаларындағы мамандандырылған орталықтарда жүргізіледі. Бүгінгі күні 39 жатырішілік хирургиялық араласу жасалып, балалардың денсаулығына төнетін ауыр зардаптардың алдын алу және ерте емдеу мүмкіндігі кеңейді.
Соңғы жылдары елімізде аз инвазиялық хирургия әдістері де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жаңа туған нәрестелерге жасалатын операциялардың шамамен үштен бірі шағын тіліктер арқылы орындалады. Бұл хирургиялық араласудың жарақаттылығын азайтып, балалардың тезірек сауығып кетуіне мүмкіндік береді.
2022 жылдан бастап ауыр тыныс жеткіліксіздігі кезінде қолданылатын экстракорпоралдық мембраналық оксигенация (ЭКМО) технологиясы енгізілді. Бұл әдіс туа біткен диафрагмалық жарықтың жекелеген ауыр жағдайларында да тиімді қолданылып келеді.
Қазақстандық мамандар Орталық Азияда бұрын жасалмаған күрделі операцияларды да сәтті игерді. 2022 және 2024 жылдары сирек кездесетін бауыр ісігі бар жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық хирургиялық ем жүргізіліп, олардың барлығы сауығып, үйлеріне шығарылды.
Қазіргі таңда елімізде ауыр туа біткен патологияларды емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді.
Туа біткен диафрагмалық жарығы бар балалардың өмір сүру көрсеткіші – 80–90%, өңеш атрезиясында – 85–95%, гастрошизис кезінде – 90%-дан жоғары.
Сонымен қатар, жаңа туған кезеңдегі ең қауіпті аурулардың бірі – некроздаушы энтероколитпен ауыратын шала туған нәрестелерді емдеуде де айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Диагностиканың жетілдірілуі және уақтылы хирургиялық емнің арқасында аталған патологиядан болатын өлім-жітім 2,5 еседен астам төмендеді.
Бүгінде ауыр дертке шалдыққан жаңа туған нәрестелерге көмекті құрамына неонаталдық хирургтер, неонатологтар, реаниматологтар, кардиологтар, генетиктер және басқа да мамандар кіретін мультидисциплиналық топтар көрсетеді.
Мұндай тәсіл нәресте өмірінің алғашқы минуттарынан бастап емдеуді бастауға және медициналық шешімдерді баланың жағдайын жан-жақты бағалау негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Қызметті одан әрі дамыту аясында күрделі операцияларға дайындық кезінде 3D-модельдеу технологияларын енгізу, генетикалық технологияларды кеңінен қолдану, телемедициналық консультацияларды дамыту және өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру жоспарланып отыр.
Бүгінде туа біткен даму ақауларының басым бөлігін дер кезінде анықтап, медициналық көмекті дұрыс ұйымдастыру арқылы тиімді емдеуге болады. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдердің пренаталдық тексерулерден уақтылы өтуі және мамандандырылған орталықтарда тұрақты бақылауда болуы сәбидің дені сау болып өсу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1270047?lang=ru

Жауап қалдыру