«Мектепке жол»: Қарағанды облысында 1 қыркүйекке дейін кімдер көмек алады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім болғандай, жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 175 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 15 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Қарағанды облысында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Ауқымды шара әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балаларға қолдау көрсетіп, отбасыларға оқушыларды жаңа оқу жылына толыққанды дайындауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Акция аясында «Балаларға жақсылық сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлық», «Отбасы отбасыға көмектеседі: Баланы мектепке дайындайық!» атты қайырымдылық шаралары, сондай-ақ «Түнгі қаладағы балалар» және «Қамқор» профилактикалық рейдтері ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, облыстың барлық қалалары мен аудандарында отандық өндірушілер мен кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өткізіледі. Онда тұрғындар мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Биыл мемлекеттік материалдық көмекті тағайындау тәртібіне енгізілген өзгерістерге ерекше мән берілуде.

— Негізгі жаңашылдық – отбасы табысын тексеру үдерісінің толық цифрландырылуы. Енді ата-аналарға табысы туралы анықтама ұсынудың қажеті жоқ. Қажетті мәліметтердің барлығы Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады. Бұл мемлекеттік көмекті тағайындау рәсімін жеделдетіп, оны барынша ыңғайлы әрі ашық етуге мүмкіндік береді, — деді Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.

Материалдық көмек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өзге де білім алушылар санаттарына қолдау көрсетілуі мүмкін.

Биыл баланы мектепке дайындауға арналған бір реттік төлем көлемі 50 851 теңгені құрайды. Қаражат ата-аналардың немесе заңды өкілдердің банк шоттарына тікелей аударылады. Бұл отбасыларға баланың жаңа оқу жылына қажетті киім-кешегін, оқу құралдарын және басқа да керек-жарақтарын өз қалауы бойынша сатып алуға мүмкіндік береді.

Материалдық көмек алу мәселелері бойынша ата-аналар мектеп әкімшілігіне хабарласа алады. Сонымен қатар кеңес алу үшін 50-25-00 және 50-45-25 «жедел желі» телефондарына қоңырау шалуға, білім басқармасының ресми Telegram-арнасына жүгінуге, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінен ақпарат алуға болады.

Қарағанды облысының білім басқармасы тұрғындарды «Мектепке жол» акциясына белсенді атсалысуға шақырды. Мектеп құралдары, киім-кешек, аяқ киім немесе өзге де материалдық көмек көрсету – қиын жағдайға тап болған балаларға қатарынан қалмай, жаңа оқу жылын сеніммен бастауға жасалған маңызды қолдау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1269651?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді