
- Өндірістік жарақаттану статистикасы
2026 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында өндірістік жарақаттанудың өскені байқалады.
Барлығы 723 адам зардап шекті, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8%-ға жоғары (584 адам). Ауыр жарақат алған қызметкерлердің саны 16,4%-ға өсті (409-дан 476 адамға дейін).
- Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері
Тергеу материалдарына жүргізілген талдауға сәйкес жазатайым оқиғалардың көпшілігінде мынадай негізгі себептердің бар екені анықталды.
Ұйымдастырушылық: жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыздығы, еңбек және өндірістік тәртіптің сақталуын бақылаудың әлсіздігі.
Техникалық: ақауы бар немесе ескірген жабдықтар мен механизмдерді пайдалану, қорғаныс қоршаулары мен бұғаттаулардың (блокировкалардың) болмауы немесе ақаулығы, сондай-ақ жабық кеңістіктерде газ анализаторлары мен сақтандыру құралдарынсыз жұмыс жүргізу.
Адам факторы және қамтамасыз ету: ҚТ бойынша нұсқамалар мен оқытуды үстіртін жүргізу, жеке қорғаныс құралдарының (ЖҚҚ) қолданылмауы немесе болмауы, сонымен қатар зардап шегушілердің өздерінің абайсыздығы.
- Жұмыс берушінің міндеттері
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) талаптарына сәйкес, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін хабарлайды және барлық саланың жұмыс берушілеріне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша келесі негізгі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынады:
– Ресми түрде жұмысқа орналастыру және еңбек шарттарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБЖ) тіркеу:
Кодекстің 23 және 33-баптарына сәйкес, барлық қызметкерлермен олардың еңбек функцияларын орындауға жіберілуіне дейін еңбек шарттарының жазбаша түрде тиісінше ресімделуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ жасалатын, өзгертілетін және тоқтатылатын еңбек шарттары туралы мәліметтердің ЕШЕБЖ-де уақытылы және толық тіркелуін қамтамасыз ету.
– Кәмелетке толмаған қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
Кодекстің 26, 31, 69, 77 және 182-баптарына сәйкес 18 жасқа толмаған адамдармен еңбек шарттарын жасасу тәртібін қатаң сақтау (соның ішінде заңды өкілдерінің жазбаша келісімінің қажеттілігі). Кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмыстарға, сондай-ақ ауыр заттарды тасудың шекті нормаларынан асатын жұмыстарға тартуға тыйым салу. Жұмыс уақытының қысқартылған (14-тен 16 жасқа дейін — аптасына 24 сағаттан аспайтын, 16-дан 18 жасқа дейін — аптасына 36 сағаттан аспайтын) ұзақтығының сақталуын қамтамасыз ету.
– Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ҚЖОМС):
Кодекстің 182-бабына сәйкес штаттық санның 100%-ын қамти отырып, қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын уақытылы жасасу және ұзарту.
– Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқау беру және білімін тексеру:
Кодекстің 182-бабына сәйкес қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқау беру, білімін тексеру, сондай-ақ басшы құрам мен қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімін тексеру.
– Өндірістік бақылаудың және Еңбекті қорғауды басқару жүйесінің (ЕҚБЖ) жұмыс істеуі:
Кодекстің 201 және 202-баптары негізінде, еңбекті қорғау қызметінің (маманының) жұмысын құру немесе жандандыру, сондай-ақ жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың нормативтік талаптарының сақталуына тұрақты ішкі бақылауды қамтамасыз ету.
– Міндетті медициналық қарап-тексерулерді өткізу:
Кодекстің 182-бабына сәйкес, жұмыс берушінің қаражаты есебінен келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгеретін басқа жұмысқа ауыстырған кезде не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде қызметкерлерді міндетті мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткізуді ұйымдастыру.
– Жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен (ЖҚҚ және ҰҚҚ) қамтамасыз ету:
Кодекстің 182-бабына сәйкес қызметкерлерді сертификатталған ЖҚҚ және ҰҚҚ-мен, арнайы киіммен және аяқ киіммен, жуғыш және дезинфекциялық заттармен, профилактикалық өңдеу құралдарымен, медициналық қобдишамен, сондай-ақ сүтпен немесе соған тең бағалы тамақ өнімдерімен және (немесе) емдік-профилактикалық диеталық тағамның мамандандырылған тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету (ЖҚҚ-мен қамтамасыз етілмеген адамдарды жұмысқа жібермеу).
– Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудан өткізу:
Кодекстің 183-бабына сәйкес кәсіптік тәуекелдерді объективті бағалау және еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі кешенді жоспарларды әзірлеу үшін өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімді (кемінде бес жылда бір рет) аттестаттауды жүргізу.
– Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер және техникалық инспекторлар институтын құру:
Кодекстің 203-бабына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша және (немесе) қызметкерлердің немесе олардың өкілдерінің бастамасы бойынша еңбек жағдайларын бірлесіп бақылау үшін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды жұмысқа тарту.
– Жазатайым оқиғалар туралы уақытылы хабарлау, оларды есепке алу және тергеп-тексеру:
Кодекстің 187-бабына сәйкес болған жазатайым оқиғалар туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне дереу хабарлау, оларды объективті тергеп-тексеруді ұйымдастыру және материалдарды уақытылы тіркеу.
Жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау қажеттілігі туралы үндеу саламыз. Өндірістегі қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау — әрбір жұмыс берушінің дербес жауапкершілігі.
https://www.facebook.com/reel/1753450469142785/?s=single_unit

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-enbek/press/news/details/1269696?lang=ru

Жауап қалдыру