
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Абай облысында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кезекті рейд өтті. Жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерді жою деректері бойынша 7 786 әкімшілік хаттама толтырылған.
Рейд Абай облысының әкімдігі, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыстық Полиция департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында бизнес орталықтары, сауда үйлері мен жеке меншік нысандар тексеріліп, кәсіпкерлерге аумақты абаттандыру және санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру бөлімінің бас маманы Нұрдаулет Мұқашовтың айтуынша, рейдтің негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру.
– Рейдтің басты мақсаты – қаланың тазалығын сақтау, санитарлық талаптардың орындалуын бақылау және кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру. Заң талаптарын бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қабылдануда, – деді Нұрдаулет Мұқашов.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері 26 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Айым Қабылова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес алғаш рет анықталған құқық бұзушылық үшін ескерту берілетінін атап өтті.
– Егер бір жыл ішінде осы талап қайта бұзылса, әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, заңнамаға сәйкес айыппұл салынады, – деді прокурор.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер өңірдегі санитарлық тазалықты сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1269774?lang=ru

Жауап қалдыру