
Өткен аптаның сенбісінде “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында аудан орталығындағы Демалыс саябағында жалпы аудандық сенбілік өтті.
Сенбілікке аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, аудан орталығы мен елдімекендерде тазалықтың сақталуына қоғамдық жұмысшылар ерен еңбек сіңіріп жүргендігін, олардың еңбегін бағалау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау-бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өтті. Сонымен қатар әрбір ауылдық округтерде болып, тәртіп пен тазалықтың барысы сараланып жатқандығын, әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласына, қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарап, тазалық талаптарының сақталуына үлестерін қосуы маңызды екендігін жеткізді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында соңғы жылдары өткізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Айтулы сенбілікке сала орынбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық ардагерлер, Қоғамдық және аналар кеңестерінің мүшелері және жастар қатысып, саябақ аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда саябақ іші жабайы шөптер мен қураған ағаш бұтақтарынан тазартылды.
-Табиғатты аялау-қоғамдық құндылық. Туған жердің тазалығы-әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Тұрғындар жүрген жерлерінде тазалықты сақтап, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға шығаруды әдетке айналдырса нұр үстіне нұр болар еді,-дейді қатысушылар.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өз жемісін беруде. Негізінен бұл акция қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беруде. Бұл игі істі Президенттің өзі бастап, қолдау білдіруі де акцияның халық арасында кең таралуына ықпал еткенін айта кеткен абзал.
Дана халқымыз тазалыққа аса мән берген. Туған жердің тазалығы мен көркі – қоғамның мәдениеті мен азаматтардың жауапкершілігін көрсетеді. Әрбір таза көше, абаттандырылған аула, көгалдандырылған саябақ пен күтімі жақсы қоғамдық орын-тұрғындардың туған өлкесіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі деп санаймыз. Сондықтан мұндай іс-шаралар барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылып, өткізілетін болса, аймағымыз көріктене түсетін болады,-деді ақжаулықты аналар.
Шындығында да кейінгі жылдары қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты сақтауға, ортақ үйлесімге үлес қосуға ынталы азаматтар қатары көбейіп келеді. Тәртіп пен құрмет орныққан жерде немқұрайдылыққа орын болмайды. Конституцияның басты кіріспесінің ішіндегі 11 қағидаттың біреуі – жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар басқа баптарда қоршаған ортаның тазалығы, адам денсаулығын қамтамасыз ету мәселелері нақты жазылған. Сондықтан жайлы, қауіпсіз, таза ортаны қалыптастыру ісі-баршамызға ортақ міндет екендігін ұмытпайық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/otdel-bayzak-sport/press/news/details/1269715?lang=ru

Жауап қалдыру