
Жамбыл облысының полицейлері алаяқтардан қалай қорғануға болатынын түсіндірді
🚨 Алаяқтар азаматтардың сенгіштігін пайдаланып, түрлі тұрмыстық мәселелерді жылдам шешіп береміз деген желеумен алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда.
🏠 Көбіне алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың, әлеуметтік қызметтердің, коммуналдық мекемелердің, банк немесе қайырымдылық ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Әртүрлі сылтаулармен тұрғын үйлер мен пәтерлерге кіріп, азаматтарды ақша, бағалы заттарын беруге немесе белгілі бір әрекеттерді жасау үшін сенімхат рәсімдеуге көндіреді.
💼 Соңғы уақытта жұмысқа орналастыруға, жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге, мемлекеттік гранттар, әлеуметтік төлемдер немесе тұрғын үй алуға «көмектесеміз» деген желеумен жасалатын алаяқтық жиілеп кетті. Олар қызметі үшін алдын ала төлем талап етіп, мәселені таныстары арқылы немесе өздерінің ықпалының көмегімен шешіп береміз деп уәде етеді. Алайда ақшаны алғаннан кейін ешқандай міндеттемесін орындамай, ізін суытады.
💵 Кең таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі – жақын туысыңыз қиын жағдайға тап болды, жол-көлік оқиғасына кінәлі болды немесе полиция қызметкерлері ұстады деген жалған ақпарат тарату. Адамның абыржуын пайдаланған алаяқтар мәселені «реттеу» үшін шұғыл түрде ақша беруді талап етеді. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, ең алдымен туыстарыңызбен өзіңіз байланысып, болған жағдай туралы полицияға хабарлаған жөн.
📄 Бейтаныс адамдарға жеке құжаттарыңызды, ақшаңыз бен бағалы заттарыңызды бермеңіз. Мазмұнымен толық таныспайынша ешқандай құжатқа қол қоймаңыз. Заңда белгіленген тәртіптен тыс мәселелерді шешіп береміз деген уәделерге сенбеңіз және қызметтік куәлігін тексермей, бөтен адамдарды үйіңізге кіргізбеңіз.
📞 Егер бейтаныс адамдардың әрекетіне күмәндансаңыз немесе алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлаңыз. Уақтылы хабарлау құқық бұзушыларды анықтауға және жаңа қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.
🚔 Жамбыл облысы Полиция департаменті мемлекеттік қызметтердің барлығы заңнамада белгіленген тәртіппен ғана көрсетілетінін ескертеді. Қырағылық танытып, күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз және алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері туралы жақындарыңызға міндетті түрде ескертіңіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1269660?lang=ru

Жауап қалдыру