
Ақмола облысында – Қазақстанның негізгі астықты өңірінде – егін жинау науқаны қарқынды кезеңге өтті. Қолайлы агроклиматтық жағдайлар, әртараптандырудың тиімді стратегиясы, заманауи ғылыми технологияларды қолдану және ауқымды мемлекеттік қолдау жергілікті диқандарға егін орағының қарқыны мен өнім сапасы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Биылғы ауыл шаруашылығы маусымында өңірдегі егіс алқабының жалпы көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Оның ішінде 4,5 млн гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға, ал 840 мың гектары майлы дақылдарға тиесілі. Орақтың бастапқы кезеңінде қамбаларға 85,6 мың тонна астық құйылды. Сонымен қатар мал шаруашылығына қажетті мал азығын дайындау жұмыстары аяқталуға жақын: 1,2 млн тонна пішен жиналып, жоспардың 90 пайызы орындалды, сондай-ақ 172 мың тоннадан астам пішендеме дайындалды.
Биылғы өнімнің басты ерекшелігі – оның жоғары сапасы. Жаңадан жиналған астықтың шамамен 40 пайызы халықаралық Hi-Pro премиум стандартына сәйкес келеді. Желімше мөлшерінің жоғары болуы және нан пісіру қасиеттерінің жақсылығы Ақмола бидайын шетелдік нарықтарда жоғары сұранысқа ие шикізатқа айналдырып отыр. Әсіресе ол жоғары сұрыпты ұн және макарон өнімдерін өндіруші шетелдік кәсіпорындар үшін аса құнды. Егін жинау қарқыны мен өнім сапасы бойынша дәстүрлі түрде Есіл және Жарқайың аудандары алдыңғы қатардан көрінуде.
«Ақмола астығының құндылығы – табиғи қолайлы жағдайлардың, заманауи сорттардың генетикалық әлеуетінің және ғылыми негізделген агротехнологиялардың үйлесімді нәтижесі. Бұған дұрыс ұйымдастырылған ауыспалы егіс, минералдық қоректендіруді оңтайландыру және өсімдіктерді дер кезінде қорғау шаралары кіреді», – деді А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, бидайдың 30-дан астам сортының авторы Татьяна Шелаева.
Егін орағының жоғары тиімділігі Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың кешенді қолдауының арқасында қамтамасыз етілуде. Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қаржыландырудың жалпы көлемі 265 млрд теңгеден асты. Бөлінген қаражат «Кең Дала-2» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелеуге, субсидиялауға, форвардтық сатып алуға және машина-трактор паркін жаңартуға бағытталды.
Егін жинау науқанын табысты өткізу үшін 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, ал алқаптарда 14,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Топыраққа 433 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді, бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,7 есе жоғары. Облыстағы астық сақтау инфрақұрылымының жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаға жетеді. Оның құрамына 67 астық қабылдау кәсіпорны мен 1,5 мың шаруашылық қоймасы кіреді. Бұл жиналған астықтың толық сақталуын қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1270944?lang=ru

Жауап қалдыру