
Ақмола облысының Есіл ауданында жоғалып кеткен кәмелетке толмаған бала полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында бір сағат ішінде табылып, ата-анасына аман-есен қайтарылды.
Ақмола облысының Есіл ауданында полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел жұмысының нәтижесінде үйінің маңында жоғалып кеткен кәмелетке толмаған бала қысқа уақыт ішінде табылып, заңды өкілдеріне тапсырылды.
Есіл аудандық полиция бөліміне баланың әкесі Ақжан Жұмасұлтанов арнайы келіп, ұлы Нығметжанды жедел іздеп тауып, аман-есен үйіне қайтарған тәртіп сақшыларына шынайы алғысын білдірді.
Әкесінің айтуынша, бала үйдің жанында ойнап жүрген кезде ересектердің назарынан тыс қалып, із-түзсіз кеткен. Оқиға туралы хабар түскен бойда полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Іздестіруге патрульдік полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары және жедел қызметкерлер жұмылдырылды. Барлық жеке құрамның үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде бір сағаттың ішінде баланың жүрген жері анықталды.
Бала дін аман табылып, ата-анасына тапсырылды.
Баланың ата-анасы полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне, жеделдігіне және жауапкершілігіне ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген көмек үшін алғыс айтты.
Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің қырағылығына байланысты екенін еске салады. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға, оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қайда және кіммен жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Сондай-ақ полиция бала жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден 102 арнасына хабарласудың маңыздылығын атап өтеді. Себебі мұндай жағдайда әрбір минуттың маңызы зор, ал дер кезінде берілген ақпарат іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастырып, баланы аман-есен табуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1270773?lang=ru

Жауап қалдыру