Дайын құжаттарды жеткізу қызметі: Абай облысының тұрғындары оларды өздеріне ыңғайлы мекенжай бойынша ала алады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысының тұрғындары мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінде дайындалған құжаттарды өздеріне ыңғайлы мекенжайға – үйіне, жұмыс орнына немесе көрсетілген кез келген басқа орынға жеткізіп алу қызметін пайдалана алады. Бұл сервис Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) немесе Мамандандырылған ХҚКО-ға қайта барудың қажеті жоқ, ал қызметке деген сұраныс өңір тұрғындары арасында артып келеді. Бұл туралы Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы хабарлайды.

 

Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметті рәсімдеу кезінде жеткізу қызметіне өтінімді бірден құжаттарды тапсыру барысында беруге болады. Құжат дайын болғаннан кейін оны курьер көрсетілген мекенжайға жеткізеді. Қызмет құны – 1 036 теңге. Дайын құжаттарды жеткізу 15 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді. Олардың қатарында архивтік анықтамалар беру, баланың тууын және некені бұзуды тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және қайталама куәліктер беру, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру, сондай-ақ ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері бар.

 

Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО-дан дайын құжаттарды алу мүмкіндігі кеңейтілді. Енді өңір тұрғындары дайын жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті (техпаспортты) немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алу үшін Мамандандырылған ХҚКО-ға қайта бармай-ақ қоя алады. Егер өтініш Мамандандырылған ХҚКО арқылы немесе онлайн берілген болса, 1414 нөмірінен құжаттың дайын екені туралы SMS-хабарлама келгеннен кейін ХҚКО мобильді қосымшасы арқылы жеткізу қызметіне тапсырыс беріп, өзіңізге ыңғайлы мекенжайды көрсету жеткілікті. Абай облысында Мамандандырылған ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу құны – 6 306 теңге.

 

Бұл сервис әсіресе жұмыс істейтін азаматтар, кішкентай баласы бар ата-аналар, егде жастағы адамдар және шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін өте қолайлы. Себебі олар дайын құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта бармай-ақ ала алады.

 

«Бүгінде облыс тұрғындары дайын құжаттарды алудың өздеріне ең қолайлы тәсілін таңдай алады. Біз мемлекеттік қызметтерді әрбір азамат үшін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуге ұмтыламыз. Сондықтан дайын құжаттарды жеткізу қызметіне деген сұраныс алдағы уақытта да арта береді деп сенеміз», – деді Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының директоры Жібек Жадрина.

 

Еске сала кетейік, құжаттарды табыстау кезінде курьер жеке куәлікті көрсетуді және SMS-хабарламада келген растау кодын атауды сұрайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-audany/press/news/details/1270598?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді