
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасаған, сондай-ақ құмар ойынға тәуелділік пен өзге де зиянды әдеттердің салдарынан заң талаптарын бұзған азаматтармен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға отбасы құндылықтарын сақтау, жанжалдарды күш қолдану арқылы емес, өзара түсіністік пен ашық диалог арқылы шешудің маңыздылығы түсіндірілді. Полицейлер қандай жағдайда да сабыр сақтап, жақындарына құрметпен қарау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді. Олар ашуға бой алдырудың, зиянды әдеттер мен түрлі тәуелділіктердің салдары отбасының берекесін бұзып, жақын адамдардың көңіліне ауыр із қалдыратынын айтты. Сондай-ақ көпшілігі уақытты кері қайтара алса, қателіктерін түзеп, отбасын сақтап қалу үшін бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.
Полицейлер мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақыру ғана емес, қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайту, өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
Профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталатын болады.
https://www.instagram.com/reel/DbvFPQNqCcv/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=NTc4MTIwNjQ2YQ==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1270709?lang=ru

Жауап қалдыру