Қарағанды облысында Абай күні: тұрғындарды концерттерге, көрмелерге, жаңа кітапхананың ашылуына және әдеби кездесулерге шақырады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

10 тамызда Қарағанды облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы әрі сазгері Абай Құнанбайұлына арналған Абай күні аталып өтеді. Өңірдің қала-аудандарында классиктің бай рухани мұрасын сақтау мен кеңінен насихаттауға бағытталған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Абай кейінгі ұрпаққа көркем поэзиясы мен әсем әндерін ғана емес, терең философиялық мұра да қалдырды. Оның «Қара сөздері» бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қарағанды облысының өмірінде Абай есімі айрықша орын алады. Оның есімі қалаға, ауданға, екі ауылдық округке, 80-нен астам көшеге және тоғыз мектепке берілген. Қарағанды, Шахтинск және Абай қалаларындағы ұлы ақынның ескерткіштері мемлекет қорғауына алынған.

Дәстүр бойынша Абай күнін атап өту барысында ақын ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ өңірде кітап көрмелері, әдеби кештер, концерттер, тақырыптық сағаттар, дөңгелек үстелдер, мәнерлеп оқу байқаулары және ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерекенің басты оқиғаларының бірі – «Ән болған Абай мұрасы» атты концерттік бағдарлама. Ол 10 тамыз күні сағат 12:00-де Қарағанды қаласының Орталық саябағында басталады. Көрермендерге Абайдың шығармалары мен оның өлеңдеріне жазылған әндер ұсынылады. Концерт ұлы ойшылдың әдеби және музыкалық мұрасын дәріптеуге, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және ұлттық мәдениетке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

Сол күні сағат 11:00-де Қарағанды қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 28 мекенжайында жаңа кітапхананың салтанатты ашылуы өтеді. Қонақтарға кітап көрмелері, әдеби-танымдық бағдарлама, өлкетану әдебиеттерінің экспозициясы және түрлі мәдени іс-шаралар ұсынылады.

Сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін тұрғындар Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтетін «Абай мұрасы кітапта» кітап көрмесіне, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан ауданы саябағында ұйымдастырылатын «OPEN AIR LIB: Қарағанды кітапханалары» жобасының іс-шараларына қатыса алады. Келушілер Абай шығармаларымен, қазақстандық авторлардың кітаптарымен, классикалық және заманауи әдебиетпен танысып, әдеби кездесулерге, кітап оқу сағаттарына, зияткерлік викториналар мен танымдық акцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Поэзия сүйер қауым үшін сағат 15:00-де Теміржолшылар мәдениет үйінде «Абай үні» әдеби кеші өтеді. Осы уақытта «Жастар» мәдениет үйінің кіші залында ұлы ақынның өмірі, шығармашылығы мен философиялық мұрасына арналған «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты тақырыптық сағат ұйымдастырылады.

Мерекелік іс-шаралар Абай қаласында да жалғасады. Сағат 11:00-де Абай ескерткішінің алдындағы алаңда «Хәкім Абай» атты концерттік бағдарлама өтіп, гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1270385?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді