Қазақстанда 589 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2 555 атаудағы дәрілік затты қамтыды.

Бақыланған дәрілік заттардың шамамен жартысының – 1 267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалды. Ал 147 препараттың бағасы 20%-дан астам төмендесе, тағы 198 препараттың бағасы 10–20%-ға, 244 атаудың бағасы 5–10%-ға арзандаған.

Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында жұқпалы ауруларды, жүрек-қан тамырлары ауруларын және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын препараттар бар.

Атап айтқанда, Зитмак®️ 250 мг №6 препаратының бағасы 24,25%-ға, Цефтриаксон 1 г – 22,03%-ға, Пантап®️ 20 мг №14 – 20,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 – 14,7%-ға, Энап®️ 5 мг №10 – 13,27%-ға, Пульмикорт 0,25 мл – 11,09%-ға, Амоксиклав 875 мг/125 мг – 6,86%-ға арзандады.

«Комитет дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Жиналған деректер фармацевтикалық нарықтағы ахуалды объективті бағалауға, өзгерістерге жедел ден қоюға және мемлекет белгілеген шекті бағалардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Дәрілік заттардың нақты бағасына мониторинг таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы дәрілік препараттардың қозғалысы мен қолжетімділігін бақылауға, сондай-ақ нақты сату бағасын мемлекет бекіткен шекті бағалармен салыстыруға мүмкіндік береді.

«Таңбалау және қадағалау жүйесі фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға, шекті бағалардың асып кету жағдайларын анықтауға және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Комитет төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Тұтынушылар үшін дәрілік заттардың бағасын тексерудің қосымша құралы – Naqty Onim мобильді қосымшасы. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және оған белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдерін қайта қарады. Енді негізгі назар халық үшін әлеуметтік маңызы бар және сұранысқа ие дәрілік препараттарға аударылып отыр.

Тізбені өзектендіру нәтижесінде мемлекеттік баға реттеу 3 039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік препаратқа қолданылады. Сонымен бірге 4 918 препарат мемлекеттік реттеуден шығарылды. Олардың қатарында рецептсіз босатылатын дәрілік заттар және құны бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецептпен босатылатын препараттар бар.

«Мемлекеттік баға реттеу тәсілдерін жаңарту халық үшін аса маңызды дәрілік заттарға бақылауды күшейтуге және сонымен қатар фармацевтикалық нарық субъектілеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік берді», – деді Комитет төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Шекті бағалардың сақталуына бақылау тұрақты түрде жалғасуда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шекті бағаларды асырудың 6 фактісі анықталып, олар бойынша әкімшілік шаралар қолданылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,4 млн теңгені құрады.

«Комитет шекті бағалардың сақталуын бақылауды жалғастырады. Заңнама талаптары бұзылған жағдайда тиісті әкімшілік шаралар қабылданады. Сонымен қатар өндірушілермен, дистрибьюторлармен және дәріхана ұйымдарымен өзара іс-қимыл жалғасып, баға тұрақтылығын сақтау және халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғаса береді», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс өндірушілермен, дистрибьюторлармен және дәріхана ұйымдарымен бірлесіп жалғасуда. Шілде айының соңында Денсаулық сақтау министрлігінде фармацевтикалық нарық қатысушыларымен кеңес өткізіліп, дәрілік заттарды тұрақты жеткізу және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелері талқыланды.

                                                      

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1270670?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді