Шығыс Қазақстан облысындағы фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жұмысы тексерілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков «Уба» және «Майқапшағай» фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жұмысын тексерді.

Тексеру барысында ол бекеттер жұмысының ұйымдастырылуымен, карантиндік бақылауға жататын өнімге фитосанитариялық бақылау мен тексеру жүргізу тәртібімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуының алдын алу шараларымен танысты.

Фитосанитариялық заңнама талаптарының сақталуына, бақылау іс-шараларының сапасына, бекеттердің техникалық жарақтандырылуына және мамандар жұмысының ұйымдастырылуына баса мән берілді.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың жеті айындағы фитосанитариялық бақылау бекеттері қызметінің қорытындылары сараланды.

2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 тамыз аралығында «Уба» фитосанитариялық бақылау бекеті арқылы жалпы көлемі 75 994 тонна карантиндік өнім тиелген 3 060 жүк автокөлігі өтті.

Осы кезеңде «Майқапшағай» фитосанитариялық бақылау бекеті арқылы жалпы көлемі 3 483,1 тонна карантиндік өнім тиелген 132 автокөлік өтті.

Тасымалданатын өнімнің негізгі түрлеріне ұн, жарма, азық-түлік бидайы, тұқымдар, күнбағыс күнжарасы, өсімдік майы, жеміс-жидек өнімдері, кептірілген жемістер мен жаңғақтар жатады.

Сәкен Қаныбеков фитосанитариялық бақылау бекеттері жұмысының тиімділігін арттыруды, бақылау рәсімдерін жетілдіруді, карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуының алдын алу шараларын күшейтуді, сондай-ақ елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып, фитосанитариялық бақылаудың жедел жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Мемлекеттік шекарада жүйелі фитосанитариялық бақылау жүргізу Комитет қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл жұмыс ауыл шаруашылығы өндірісін қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1270658?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді