Ұлттық руханиятты ұлықтаған бастама: Қарулы күштерде Абай шығармаларын оқудан челлендж басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттауға бағытталған республикалық челлендж басталды.

Іс-шараның мақсаты – әскери қызметшілер арасында ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жеке құрамның мәдени-танымдық деңгейін арттыру, сондай-ақ Абай шығармалары арқылы отансүйгіштік, білімге құштарлық, адамгершілік және елге адал қызмет ету қағидаттарын кеңінен насихаттау.

Челленджге Қарулы күштердің барлық түрлерінен, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардан, әскери бөлімдер мен мекемелерден әскери қызметшілер қатысады. Олар Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, бейнеүндеулерін әлеуметтік желілерде жариялап, эстафетаны әріптестеріне жолдайды.

Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – қазақ халқының рухани қазынасының алтын арқауы. Оның шығармаларында білім мен ғылымға ұмтылу, адал еңбек, бірлік, әділдік, жауапкершілік және Отанға қызмет ету секілді жалпыадамзаттық құндылықтар көрініс тапқан. Бұл қағидаттар әскери қызметтің мәнімен үндесіп, Отан қорғаушылардың кәсіби әрі рухани болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Абай күніне арналған челлендж әскери бөлімдерде мәдени-ағартушылық іс-шаралар кешені аясында өтеді. Бастама жеке құрамның рухани дүниесін байытуға, ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыруға және әскери ортада тарихи-мәдени мұраны насихаттауға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1270426?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді