Ақтөбедегі арнайы балабақша: құрылыс сапасы мен пайдалануға беру мерзімі тексерілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағынауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы балабақша құрылысының барысы тексерілді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен облыс прокуроры Марат Әбішев нысандағы жұмыстардың қазіргі кезеңімен танысты. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыруға 7,9 миллиард теңге көлемінде қаражат Арнайы мемлекеттік қор есебінен бағытталған. Ғимараттың жалпы аумағы 20 172 шаршы метр.

Мердігер ұйым – «Қазстройподряд» ЖШС өкілдері құрылыс барысы мен жұмыстарды аяқтау мерзімдері туралы баяндады. Нысанды аралау барысында құрылыс сапасы, жұмыс кестесінің сақталуына және қауіпсіздік талаптарының орындалуына баса назар аударылды.

Архитектуралық жоба бойынша кешен гүл пішінінде салынған. Бес екі қабатты блок орталық бөлікпен байланысып, атриум мен қысқы бағы бар біртұтас кеңістікті құрайды.

Әр блок балалардың белгілі бір санатының қажеттіліктеріне бейімделеді. Мұнда тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар балаларға арналған бөлмелер қарастырылған. Жеке блокта медициналық және әкімшілік бөлмелер орналасады.

Жаңа орталықта балалар мектепке дейінгі білім алып қана қоймай, түзету-педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік көмек ала алады. Сонымен қатар бассейн, спорт залдары, шығармашылық студиялар, түзету-дамыту кабинеттері және медициналық оңалтуға арналған бөлмелер қарастырылған. Ата-аналар үшін консультациялық орталық жұмыс істейді.

Асылбек Есенбаев құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды пайдалануға беруге дайындауды тапсырды. Марат Әбішев мердігерге құрылыс нормалары мен сапа талаптарын қатаң сақтауға назар аударды.

Балабақша пайдалануға берілгеннен кейін 300 баланы қабылдай алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1271011?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді