
Хромтау аудандық мәдениет орталығында жаңа пәтер иелеріне тұрғын үй кілттерін салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов қатысып, жаңа қоныс иелерін қуанышты оқиғамен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде баспанамен қамту – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі екенін атап өтті.
«Әр отбасы үшін баспаналы болу – үлкен қуаныш әрі маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы тұрғындарға қолдау көрсетуге ерекше мән берілуде. Осы бағытта Хромтау ауданында тұрғын үй салу және сатып алу жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда», – деді аудан әкімі.
Хромтау ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл жоба тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда аудан бойынша жоспарланған 150 тұрғын үйдің 95-і бойынша тұрғындарға баспана кілттері табысталды. Оның ішінде Хромтау қаласының тұрғындарымен қатар, ауданға қарасты елді мекендерде тұратын азаматтар да жаңа пәтерлерге ие болуда.
Салтанатты рәсім барысында 15 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Олардың қатарында Хромтау қаласының тұрғындарымен бірге ауданға қарасты елді мекендердің тұрғындары да бар.
Жаңа баспана иелері қуаныштарымен бөлісіп, өз ришалықтарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1271074?lang=ru

Жауап қалдыру