Қазақстанның құрылыс саласы: тұрақты өсім және сапаның жаңа стандарттары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрылыс – ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырған негізгі салалардың бірі. Оның жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 6%-ды құрайды.

Елдегі құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,1 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. 2025 жылдың қорытындысында көрсеткіш 10,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өскен. Бұл игілікке ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және инвестициялық белсенділіктің артуы арқасында қол жеткізілді.

Секторды одан әрі дамытудың маңызды қадамдарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген ҚРҚұрылыс кодексінің күшіне енуі болды. Құжат цифрлық бақылау тетіктерін енгізуге және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіру арқылы құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жаңа нормаларда құрылыс нысандарын пайдаланудың кепілдік мерзімін ұзарту, жобалау кезінде сейсмикалық тәуекелдерді міндетті түрде ескеру, құрылыс ұйымдарын цифрлық бақылау, заң бұзушылықтарға жедел ден қою және басқа да мәселелер көзделген.

Отандық құрылыс материалдары өндірісі де жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Ішкі нарықтағы қазақстандық өндірушілердің үлесі 70%-дан асады, ал нарық сұранысын 3 мыңнан астам кәсіпорын қамтамасыз етеді. Биыл жалпы құны 202,2 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік бермек.

Кадрлық әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс саласында 380 мыңнан астам маман еңбек етеді. Құрылысшылардың, сәулетшілердің, жобалаушылардың, инженерлердің және өзге де сала мамандарының кәсіби шеберліктері арқасында Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыратын әрі ел экономикасының одан әрі дамуына негіз болатын ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтайды!

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1271053?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді