ТЖМ басшысы Ақтау қаласында ТЖМ қызметкерлеріне арналған Қазақстандағы алғашқы «112 Resort Aktau» демалыс орталығын ашты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

  Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «112 Resort Aktau» демалыс орталығының салтанатты ашылуы өтті.

  Ресми ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, департамент басшылығы мен ардагерлер қатысты.

  Жоба министр Шыңғыс Әріновтің бастамасымен жүзеге асырылып, елімізде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арнайы арналған алғашқы ведомстволық демалыс орталығына айналды. Жоба аясында 45 заманауи капсулалық үй орнату көзделген. Бүгінде жайлы тұруға қажетті барлық жағдаймен толық жабдықталған алғашқы жеті капсулалық үй орнатылып, пайдалануға берілді. Әрбір капсулалық үй бір отбасының демалуына арналған және қажетті тұрмыстық техника мен құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

  Орталық аумағында жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда бақылау-өткізу пункті, әкімшілік ғимарат, мейрамхана, балалар ойын алаңы, екі субұрқақ, пирс, теңіз суы үздіксіз айналып тұратын бассейн және балалар бассейні, ашық аспан астындағы душ, барбекю аймағы, кафе және автотұрақ орналасқан. Аумақ абаттандырылған: асфальтталған кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары салынған, сыртқы жарықтандыру орнатылған, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылған. Демалыс орталығы қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

  Іс-шара барысында осы жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан құтқарушылар, азаматтар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер ТЖМ ведомстволық наградаларымен марапатталды. «112 Resort Aktau» демалыс орталығын құру Қазақстан ТЖМ-нің әлеуметтік саясатының бір бөлігі болып табылады. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жеке құрамды әлеуметтік қолдауды нығайтуға, сондай-ақ ТЖМ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің демалуы мен күш-қуатын қалпына келтіруіне лайықты жағдай жасауға бағытталған.

  Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне арналған жеке үй салынды. Олар мұнда тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ресми ашылғаннан кейін орталықтың алғашқы қонақтары нысанның құрылысы мен абаттандырылуына тікелей қатысқан құтқарушылар, өрт сөндірушілер және олардың отбасы мүшелері болады. Оларға демалуға сертификаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1271068?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді