АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін – қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтайтын Абай күні. 10 тамыз – ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп хакімнің адамзат өркениетіндегі биік орнын атап өткен еді.
Абай шығармалары – білім мен ғылымға ұмтылуға, адал еңбек етуге, әділет пен ізгілікке, адамдық пен парасатты биік қоюға үндейтін рухани қазына. Ұлы ақынның ой-тұжырымдары уақыт өткен сайын өзектілігін арттырып, бүгінгі қоғам үшін де маңызды құндылық болып қала береді.
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» – деп өзі айтқандай, Абайдың артына қалдырған мол мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы. Оның шығармалары мен тағылымды ойлары ұрпақ санасына жол көрсетіп, адамдықтың, білімнің және кемелдіктің мәнін ұғындыра береді.
Түркістан қаласында да ұлт мәдениеті мен руханиятының көрнекті өкілдерінің мұрасын дәріптеуге, жас ұрпаққа насихаттауға айрықша мән беріліп келеді.
Құрметті түркістандықтар!
Сіздерді қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай аталып өтетін Абай күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Абай аманаты – ұлтқа ортақ құндылық. Хакімнің өнегелі мұрасы әр жүректе жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1271909?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді