Алматыда ТжКБ ұйымдарындағы заңдылық, қауіпсіздік және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың 7 тамызында Алматы технологиялық колледжісінде «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заңдылықты қамтамасыз ету, білім беру ортасының қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметті жүзеге асыру тәуекелдерін азайту мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында ведомствоаралық кеңес өтті.

Іс-шара Алматы қаласы Білім басқармасының ұйытқы болуымен, Алматы қаласы прокуратурасының, Алматы қаласы полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің, Алматы қаласының мемлекеттік және жекеменшік колледж директорларының қатысуымен өтті.

Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін тиімді басқарудың өзекті мәселелері қаралды.

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы С.Ж. Аралбаев колледждердегі тәрбие жұмысының проблемалары, жүйелі профилактикалық жұмыстың қажеттілігі, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы ерекше атап өтті.

Алматы қаласы Білім басқармасының жоспарлау-қаржылық жұмыс және бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Д.Т. Бозымбаева ТжКБ ұйымдарының бюджеттің атқарылуы, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы және қаржылық тәртіптің сақталуы туралы баяндама жасады.

Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Ысқақ Д.Ж. жастар арасындағы заңдылықтың жай-күйі, орын алып отырған өзекті мәселелер, сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылықтар мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар туралы қатысушыларға жан-жақты ақпарат берді.

Алматы қаласы ювеналды полиция бөлімінің басшысы Ж.Т. Шонжанова қатысушыларды колледж студенттері арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенімен таныстырды.

Кеңес қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуге, қаржылық тәртіпті нығайтуға және Алматы қаласының ТжКБ ұйымдарында басқару сапасын арттыруға бағытталған кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тиімді алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1271510?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді