
«Анталия – Астана» бағыты бойынша ұшып келе жатқан әуе кемесі қонуға үлгермей жатып, жолаушылардың бірі борттағы тәртіпті бұза бастаған. Алкогольдік ішімдік ішкен ер адам өзін агрессивті ұстап, былапыт сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтірген.
Оқиға 9 шілдеде болған. Әуе кемесі Астана әуежайына қонғаннан кейін жолаушы көлік полицейлеріне тапсырылды.
Тексеру барысында тәртіп бұзған азаматтың 44 жастағы елорда тұрғыны екені анықталды. Алайда ұшақ қонғаннан кейін де жағдай жалғасын тапты. Оны полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ер адам тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындаудан бас тартып, қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты полицейлер арнайы құрал – кісен қолдануға мәжбүр болды.
Тексеру қорытындысы бойынша ер адам алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Істі қарау нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Көліктегі ПД ескертеді: әуе кемесінің бортындағы тәртіпті сақтау – ең алдымен барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігіне қатысты талап. Экипаждың жұмысына кедергі келтіретін, өзге жолаушыларға қауіп төндіретін кез келген әрекеттің соңы жауапкершілікке әкеледі.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету – экипаж бен әуежай қызметкерлерінің ғана емес, әрбір жолаушының да ортақ жауапкершілігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1271556?lang=ru

Жауап қалдыру