
Астананың «Smart Technological School» мектебінің оқушылары Сингапурда өткен математикадан халықаралық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сингапур қаласында 17-22 маусым аралығында «StemCo Global Finals Maths 2026/SGFM 2026» халықаралық олимпиадасының финалы өтті. Байқауға әлемнің әр түкпірінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары алтын, күміс және қола жүлдегерлері қатысты.
Астаналық оқушылар халықаралық додада үздіктер қатарынан көрінді. «Smart Technological School» мектебінің 5-сынып оқушысы Әлімжан Көпеев абсолютті чемпион атанып, I орын және алтын медаль иеленді. Ал мектептің тағы бір оқушысы Әлихан Мұрат III орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.
Халықаралық олимпиадаға қатысу арнайы шақыру арқылы жүзеге асырылды. Финалға әлемнің түрлі елдерінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар жолдама алды.
Олимпиада тапсырмалары Сингапурдың озық математикалық білім беру бағдарламасына негізделді. Қатысушылардың тек математикалық формулаларды білуі ғана емес, күрделі контекстік есептерді талдауы, логикалық ойлауы және алған білімін практикалық жағдайда қолдана білу қабілеті сыналды.
Айта кетерлігі, «Smart Technological School» мектебінен халықаралық финалға қатысқан екі оқушының екеуі де жүлделі орындарға ие болды. Бұл – оқушылардың пәндік дайындығы мен халықаралық деңгейдегі білім додаларына әзірлігінің жоғары екенін көрсететін нәтиже.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1271887?lang=ru

Жауап қалдыру