Маңғыстауда сайлау өткізуге дайындық барысы талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 10 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен сайлау науқанына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, облыстық прокуратураның, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кеңес барысында сайлау процесін ұйымдастыру, сайлау учаскелерінің дайындығы, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың конституциялық сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайларды жасау мәселелері қаралды.

Өңірдің сайлау науқанына дайындығы туралы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов баяндады. Оның айтуынша, облыс халқының саны 800 мыңнан асады, ал сайлаушылар тізіміне 457 мыңнан астам азамат енгізілген.

– Бүгінде облыста сайлау науқанына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Әрбір азамат қажетті ақпаратты алдын ала алып, өз сайлау учаскесін анықтауы үшін call-орталықтар, sailau.e-mangistau.kz сайты және man_saylaw_kz Telegram-арнасы жұмыс істеп тұр. Облыста 267 сайлау учаскесі анықталды. Олардың барлығы қажетті байланыс құралдарымен және материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Азаматтардың мүгедектігіне байланысты сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінді. 3 422 азаматтың қажеттіліктері ескеріліп, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инватакси және сурдоаударма қызметтерін ұйымдастыру бойынша тиісті шаралар қарастырылды. Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматтың өзінің конституциялық құқығын еркін, кедергісіз және заң талаптарына толық сәйкес жүзеге асырып, өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру, – деді Асхат Оралов.

Кеңестің жеке бөлігі заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Маңғыстау облысы прокурорының бірінші орынбасары Жандарбек Спан, облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сағындық Аяғанов және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов баяндама жасады.

Сайлау өткізу кезеңінде өңірдегі қоғамдық тәртіпті 598 полиция қызметкері қамтамасыз етеді. Әрбір сайлау учаскесіне полиция жасақтары мен жауапты басшылар бекітілген. Сонымен қатар сайлау бюллетеньдерін тасымалдау және сақтау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету алгоритмдері әзірленді.

Бүгінгі таңда өңірде сайлау процесіне қатысты заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, прокуратура органдарына да тиісті өтініштер түскен жоқ. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алу, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасуда.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға сайлау науқанын өткізуге толық дайындықты қамтамасыз ету, барлық ұйымдастыру шараларын аяқтау және азаматтардың конституциялық құқықтарын еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайларды жасау тапсырылды.

Сайлау өткізу кезеңінде заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттар ретінде айқындалып, тұрақты бақылауда болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1271893?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді