МАҚТААРАЛДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мақтаарал ауданында білім алушыларға көрсетілетін психологиялық қолдау сапасын арттыру, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және профилактикалық жұмыстарды жүйелеу мәселелеріне арналған аудандық семинар өтті.
Білім беру саласындағы психологиялық қызметтің негізгі міндеттерінің бірі – білім алушылардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Мақтаарал ауданында арнайы семинар ұйымдастырылды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, «Түркістан облысы Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұхамбетова, орталық мамандары, аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер қатысты.
Семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмысын одан әрі жетілдіру, тәуекел тобындағы білім алушыларды дер кезінде анықтау және оларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық қолдаудың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, мамандар арасында тәжірибе алмасып, профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берілді.
Іс-шара барысында тәуекел тобындағы білім алушыларды ерте анықтау және сүйемелдеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, баланың мінез-құлқындағы, оқу үлгеріміндегі немесе әлеуметтік қарым-қатынасындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оған қажетті қолдау көрсету – күрделі жағдайлардың алдын алудың маңызды тетігі.
Семинарда буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда балалардың әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігін белсенді пайдалануы олардың қауіпсіздігіне қатысты жаңа сын-қатерлерді алға шығарып отыр. Осыған орай білім алушылар арасында қауіпсіз интернет мәдениетін қалыптастыру, буллинг белгілерін дер кезінде анықтау, жәбірленушіге психологиялық қолдау көрсету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың және балаға қатысты өзге де қауіптердің алдын алу бойынша жүргізілетін профилактикалық шаралардың мазмұнына тоқталды. Бұл ретте тек мәселе туындағаннан кейін әрекет етумен шектелмей, қауіп факторларын алдын ала анықтап, оқушылармен жүйелі түрде профилактикалық және ағартушылық жұмыстар жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Қатысушылар білім алушылардың психологиялық саулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды бірізді жүргізу, профилактикалық іс-шаралардың сапасын арттыру және олардың нәтижелілігін тұрақты бағалау қажеттігін ортаға салды. Сонымен бірге педагогтер мен ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыру арқылы балаларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Айта кетейік, семинар қорытындысында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттыру, тәуекел тобындағы балалармен жүргізілетін жұмысты жетілдіру, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүйелі түрде жалғастыру бағытында нақты міндеттер айқындалды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1271733?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді