НҰРЛАН ӘБДІРОВ: САЙЛАУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ӘРБІР МҮШЕСІНІҢ КӘСІБИЛІГІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУҒА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров, сондай-ақ ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов инспекциялық сапармен Маңғыстау облысында болып, Құрылтай сайлауына дайындық барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында олар Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы сайлау учаскелерінде болып, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесті.

Сапардың бірінші күнінде ОСК төрағасы Жаңаөзен қаласындағы №89 және №283 сайлау учаскелеріне барды. Нұрлан Әбдіров аталған учаскелерде азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін жасалған жағдайларға тексеру жүргізді. Сонымен қатар ақпараттық бұрыштардың жабдықталуы, қажетті материалдардың болуы және олардың қолжетімділігі тексерілді.

«Сайлау комиссиялары өз қызметінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше мән береді. Бұл тәсілдің элементтерінің бірі – арнайы трафареттің пайдаланылуы. Ол бірнеше сайлау науқанынан бері қолданылып келеді. Трафараретті сайлаушылардың жалпы тізіміне қойған кезде, азамат тек өзіне қатысты дербес деректерді көреді және тиісті бағанға қол қояды. Бұл жаңашылдық сайлаушылардың деректерін қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды деп санаймын», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Келесі күні Нұрлан Әбдіров бастаған жұмыс тобы бірқатар сайлау учаскелерінің, оның ішінде биылғы жылы ашылған сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санаттары үшін қажетті жағдайлардың жасалуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, баспалдақпен өздігінен көтеріле алмайтын мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы орнатылған шынжыр табанды көтергіштің жұмысы көрсетілді.

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Маңғыстау облысының мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Кездесу барысында өңірдің Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығына қатысты мәселелер қаралды. Кеңеске облыс әкімдігінің, прокуратураның, ішкі істер органдарының, төтенше жағдайлар департаментінің, әлеуметтік қорғау саласының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кеңеске қатысушылар атқарылған жұмыстар мен сайлауға дайындық аясында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

ОСК Төрағасы мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының үйлесімді жұмысы сайлауды сапалы ұйымдастыру мен өткізудің маңызды шарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, заңнама талаптары қатаң сақталуы және әрбір сайлаушының құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Ақтау қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен өткен кездесуде Нұрлан Әбдіров дауыс беруге дайындық және оны өткізу кезеңіндегі олардың негізгі міндеттеріне тоқталды. Ол сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға, сайлау учаскелерінің жұмысын дұрыс ұйымдастыруға, сайлау құжаттарын белгіленген тәртіппен ресімдеуге, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кеңеске қатысушылар азаматтардың бір бөлігі демалыста болатын жазғы кезеңнің ерекшелігіне де назар аударды. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы сайлаушылар арасында дауыс беру кезінде есептен шығару куәліктерін пайдалану тәртібі жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

«Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін ашық, әрі үйлесімді жұмыс істеуге, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлауға қатысу конституциялық құқығын іске асыруына жан-жақты жәрдемдесуге шақырамын. Әрқайсыңыздың кәсіби әрі жауапты жұмысыңыз азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына, сайлаудың заңдылық және жариялылық қағидаттарының қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты», – деп қорытындылады Нұрлан Әбдіров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1271901?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді