
Қарағанды облысында биыл жұмыспен қамту шараларына 1 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тартылды. Бірі тұрақты жұмысқа орналасса, енді бірі өз кәсібін ашқан. Ал кейбіріне арнайы жабдықталған жұмыс орындарында еңбек етуге мүмкіндік берілген. Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырып қана қоймай, олардың жұмыс орнында орнығуына және кәсіби тұрғыда бейімделуіне жағдай жасайтын бағдарламалар да кеңейтіліп жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелері мен жаңа жобалар Қарағанды облысы әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, өңір мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді.
– Биыл жұмыспен қамту шараларына 1 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тартылды. Олардың бір бөлігі бос жұмыс орындарына орналастырылса, енді бірі «Күміс жас», «Алтын жас» бағдарламаларына және жастар практикасына қатысып жатыр. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және оларға күтім жасайтын адамдарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік берген 58 грант берілді, – деді Ғалымжан Спабеков.
Облыста грант қаражаты есебінен түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында шағын қоғамдық тамақтану орындары мен тігін шеберханаларынан бастап, автосервис, клининг қызметтері, білім беру және мал шаруашылығы бағытындағы жобалар бар.
Сонымен қатар еңбекке орналасу мүмкіндіктері тікелей кәсіпорындардың өзінде де кеңейіп келеді. Өңірде квотамен бөлінетін және арнайы жұмыс орындарының саны артып жатыр. Мұндай жұмыс орындары есту және көру қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты зақымданған, сондай-ақ психикалық даму ерекшеліктері бар азаматтарға ұсынылады.

Соның бір мысалы – арнайы және формалық киім тігумен айналысатын «Дедал» ЖШС. Кәсіпорын өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бойынша көшбасшылардың біріне айналды.
Қазір мұнда екі мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыс істейді. Тағы жеті адам арнайы субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек етеді. Абай ауданында «Күміс жас» бағдарламасы аясында II топтағы мүмкіндігі шектеулі тігінші жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған тағы үш арнайы жұмыс орнын ашу мақұлданды.
– Біз үшін тек пайда табу ғана емес, қоғамға пайда келтіру де маңызды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Мемлекеттік қолдау бизнеске осы бағытта жұмыс істеуге көмектесіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандырады, – деді «Дедал» ЖШС басшысы Равиль Шаипкин.
Қарағанды қаласында JOB COACH жобасы аясында Тең мүмкіндіктер орталығы жұмысын бастады. Оның негізгі міндеті – мүмкіндігі шектеулі адамның жұмысқа орналасу жолын барынша түсінікті әрі қолжетімді ету.
Орталықта арнайы даярлықтан өткен мамандар, соның ішінде ымдау тілі маманы жұмыс істейді. Мұнда психолог кабинеті, сондай-ақ көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған арнайы компьютерлік орындар қарастырылған.
Алғашқы айдың өзінде орталыққа 50 адам жүгінген. Үш азамат жұмысқа орналасып үлгерді, тағы бір адамға жұмысқа орналасуға жолдама берілді.
– Бүгінде орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған: даярланған мамандар, нақты әдістеме және айқын міндеттер бар. Бұл – шын мәнінде маңызды қолдау құралы. Өйткені мұнда азаматтарға жұмыс тауып қана қоймай, жаңа ұжымға бейімделуге және жаңа жұмыс орнында орнығуға көмектеседі, – деді облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев.
Оның айтуынша, жұмысқа орналасқаннан кейінгі сүйемелдеу де бос жұмыс орнын іздеу сияқты маңызды. Азаматтың жаңа ұжымға бейімделуіне, жұмыс орнын игеруіне және таңдаған кәсібінде орнығуына қолдау көрсету қажет.
Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Еңбек етуге қабілетті, жұмыссыз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, оның ішінде белгіленген квоталар мен арнайы жұмыс орындарын құру арқылы жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету қажет. Жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыс берушілер арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру маңызды. Бұл мәселелер тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1271407?lang=ru

Жауап қалдыру