
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Тараз қаласында кемеңгер тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның рухани мұрасына тағзым етілді.
Салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық кеңестің төрағалары, басқарма басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары және әдебиетсүйер қауым қатысты.
Жиын барысында Абайдың ұлт руханияты мен қазақ әдебиетінің қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі, оның шығармаларындағы білім, еңбек, адамгершілік пен елдік құндылықтардың маңызы атап өтілді. Қатысушылар ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Абай есімін ұлықтау және оның мұрасын дәріптеу бағытында Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде Абай Құнанбайұлының есімімен 1 ауылдық округ, 2 елді мекен, 1 даңғыл, 104 көше мен тұйық жол, сондай-ақ 11 білім беру мекемесі, 1 колледж, 1 бастауыш мектеп-гимназия және 1 кітапхана аталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1271790?lang=ru

Жауап қалдыру