
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында Абай күніне арналған іс-шаралар өтті.
Дәстүр бойынша «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Рәсімге Абай облысы мен Семей қаласының әкімі, зиялы қауым, мәдениет мекемелерінің өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.
Мерекелік бағдарлама аясында «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» көрмесі ашылды. Онда музей қорында сақталған Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қолжазбалар, мұрағат құжаттары мен естеліктер қойылды. Жинақталған деректерде ақын өмір сүрген кезеңнің тыныс-тіршілігі мен сол дәуірден жеткен тарихи мұра кеңінен таныстырылды.
Абай күніне орай «Абай әлемі бейнелеу өнерінде» көрмесі де жаңартылды. Оған музей қорындағы ұлы ақынның тұлғасы мен шығармашылық мұрасын бейнелейтін өнер туындылары қойылды.
Сондай-ақ абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» көрмесі ашылды. Мұнда ғалымның ғылыми мұрасы, Абай шығармашылығын зерттеу мен сақтауға қосқан үлесі туралы ақпарат берілді.
Іс-шара аясында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Абай мұрасы – адамзат қазынасы» әдеби квесті өтті. Қатысушылар Абайдың өмір жолы, шығармалары мен рухани мұрасына қатысты түрлі тапсырмаларды орындады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1271819?lang=ru

Жауап қалдыру