Абайдың туғанына – 181 жыл: Алматы кітапханаларында ұлы ақынның мұрасына арналған мәдени іс-шаралар өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

10 тамыз – қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше күн. Дәл осы күні ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі философ Абай Құнанбайұлы дүниеге келген. Қазақстанда бұл күн Абай күні ретінде аталып өтеді. Биыл хәкім Абайдың туғанына 181 жыл толып отыр.

Абай күніне орай 7-10 тамыз аралығында қала кітапханаларында ұлы ақынның шығармашылық және рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар әдеби-танымдық және мәдени іс-шара өтті.

Іс-шаралар бағдарламасы Абай шығармаларын таныстырумен ғана шектелмей, оның идеясын бүгінгі заман тұрғысынан зерделеуге арналды. Поэзия, музыка және әдеби кездесу арқылы қатысушылар адамгершілік, білім, еңбек, ғылым және рухани даму тақырыптарына ден қойды. Бұл құндылықтар арада 181 жыл өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Абай мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан жазушылары кітапханасында өткен «Абай оқулары – 2026» поэзиялық кеші. Іс-шара барысында Абайдың әндері мен өлеңдері оқылып, кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Қатысушылар ақын мұрасының рухани маңызы туралы пікір алмасты.

Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Абай мұрасы және қазіргі жастар: рухани жаңғыру мен жаңа көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында Абай шығармаларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, сондай-ақ ақынның идеялары мен көзқарастарының қазіргі қоғаммен сабақтастығы талқыланды.

Сондай-ақ, Alatau Creative Hub орталығында «Абай сөзі – ұрпаққа аманат» поэзиялық кеші өтті. Іс-шарада ақынның таңдаулы өлеңдері оқылып, оның адамгершілік, білім, еңбек пен ғылым туралы терең ой-тұжырымдары кеңінен таныстырылды.

Ұлы ойшылдың мұрасы өзге кітапхана филиалдарындағы іс-шараларға да арқау болды. №1 кітапханада «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе…» әдеби мінбері, №6 кітапханада «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» әдеби кеші, №14 кітапханада «Абай мұрасы – ұлттың рухани қазынасы» танымдық сағаты, №24 кітапханада «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай», ал №29 кітапханада «Ұлы дала үні – Абай» әдеби кеші өтті. Сонымен қатар Розыбакиев көшесінде орналасқан Алматы кітапханаларының филиалында «Хакім Абай – ұлт руханиятының темірқазығы» әдеби-музыкалық кеші ұйымдастырылып, оның аясында қатысушыларға ақынның шығармашылық мұрасы таныстырылды.

Әрбір іс-шара Абай шығармаларын өткен дәуірдің әдеби мұрасы ретінде ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, адамды білімге, еңбекке, адалдыққа және рухани кемелдікке үндейтін өміршең құндылық ретінде жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді. Оның білім, еңбек, адалдық пен рухани кемелдену туралы ойлары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1272144?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді