
2026 жылғы 10-11 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов инспекциялық сапармен Ұлытау облысында болып, Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысымен танысты, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын зерделеді.
Жұмыс сапары аясында ол Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы сайлау учаскелерін аралап, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесті.
Сапардың бірінші күнінде ОСК мүшесі Жезқазған қаласындағы №1, №12 және №22 сайлау учаскелерінде болды. Сапар барысында сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру, комиссия мүшелерін оқыту, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапардың екінші күні Азамат Айманакумовтың төрағалығымен Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдары, прокуратура, ішкі істер органдары, төтенше жағдайлар департаменті, әлеуметтік қорғау саласы және басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Кеңес барысында уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері сайлауға дайындық барысы және жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат ұсынды. Азамат Айманакумов сайлауды заңнама талаптарына сәйкес өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін қажетті жағдайлар жасауға және учаскелердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуына ерекше назар аудару туралы атап өтті.
Сонымен қатар дауыс беру күні денсаулық жағдайына байланысты, отбасының науқас мүшесіне күтім жасауына байланысты, сондай-ақ шалғайдағы және қатынасу қиын елді мекендерде тұруына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайларда азаматтарға дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ ОСК мүшесі кеңеске қатысушылардың назарын жазғы кезеңде азаматтардың бір бөлігі еңбек демалысында болатынына аударып, сайлаушылар арасында дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін алу тәртібі туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Сәтбаев қаласының №57 сайлау учаскесінде учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Семинар барысында практикаға бағытталған кейстер талданып, комиссия мүшелерінің сайлау учаскелерінде тікелей жұмыс барысында кездесуі мүмкін мәселелер мен түрлі жағдайлар талқыланды. Инспекциялық тексеру аясында сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығы мен сайлау заңнамасы бойынша білім деңгейі бағаланды.
Семинарға қатысушыларға Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізудің ерекшеліктері түсіндіріліп, жаңа конституция бойынша сайлау құқығын дамыту мәселелері талқыланды.
Инспекциялық сапар қорытындысы бойынша ОСК мүшесі сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын одан әрі жетілдірудің, сайлау учаскелерінің дайын болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1272532?lang=ru

Жауап қалдыру