2026 жылғы 13–20 тамыз аралығында Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблі Мажарстан Республикасының Бугац қаласында Тұран-Мажар Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен өтетін Ғұн-түркі Құрылтайы халықаралық мәдени іс-шарасына қатысады.
Шығармашылық сапар барысында ансамбль мүшелері ашық алаңдағы сахнада концерттік бағдарлама ұсынып, қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін халықаралық деңгейде таныстырады.
Концерттік бағдарламада қазақтың дәстүрлі күйлері, халық әндері және заманауи шығармалар орындалады. Бағдарлама қатарында «Арнау» (Б. Ақтаев), «Ой толғау» (халық күйі), «Кертолғау» (Ықылас), «Көкен-ай» (Н. Наушабайұлы), «Көк шолақ» (К. Әзірбаев), «Айда былпым», «Кербез қыз», «Жайма қоңыр», «Сексен ер» (Сейтек), «Қыпың» (Д. Құрақұлы), «Ақжелең» (Қазанғап), «Кішкентай» (С. Байтереков), «Арқалықтың ақ таңы» (Ш. Қалдаяқов), «Адай» (Құрманғазы) сияқты шығармалар бар.
Сонымен қатар бағдарламада венгр халқының János Bródy-дің «Ha én rózsa volnék» әні орындалып, екі елдің мәдени байланысы мен рухани жақындығы өнер арқылы паш етіледі.
Концерт барысында ансамбльдің жеке орындаушылары қыл қобыз, сыбызғы және саз сырнай аспаптарында өнер көрсетеді. Осылайша «Шертер» ансамблі қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын насихаттап, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын дәріптеуге өз үлесін қосады.
Бұл шығармашылық сапар – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, қазақтың ұлттық өнерін халықаралық ортада танытуға және дәстүрлі музыка өнерін дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шара.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-madeniet/press/news/details/1272375?lang=ru

Жауап қалдыру