
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, «Мектепке жол» республикалық акциясының іске асырылуы және білім беру ұйымдарында білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек тағайындаудың жаңа механизмі туралы айтып берді.
Спикердің айтуынша, биыл Шымкент қаласында мемлекеттік қолдау алушыларды анықтау тәртібі толық өзгертілді. Бұған дейін өтініштердің жекелеген санаттары бойынша отбасының белгіленген талаптарға сәйкестігін білім беру ұйымдары өздері анықтаған болса, енді тексеру мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Жаңа механизм қала әкімдігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылды.
Нәтижесінде Ұлттық білім беру деректер базасында шамамен 25 мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған мәліметтер негізінде екінші санат бойынша көмек алуға құқығы бар білім алушылардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылады.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, цифрландыру өтініштерді қарау кезінде субъективті факторды жоюға, отбасылардың белгіленген талаптарға сәйкестігін объективті тексеруге және бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалануды арттыруға мүмкіндік берді.
Биыл өтініштерді қабылдау QOSYMSHA ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сервис құжаттарды электронды түрде тапсыруды, көмек тағайындауға негіздердің бар-жоғын автоматты түрде тексеруді, қарау нәтижелерін тіркеуді, сондай-ақ, қаражаттың аударылуын бақылауды қамтамасыз етеді.
11 тамыздағы жағдай бойынша жүйе арқылы 78 543 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 18 927 өтініш қаралуда, 9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалған, ал 50 004 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылған. Бас тартулардың басым бөлігі автоматты тексеру нәтижесінде өтініш берушілердің екінші санатқа қойылатын талаптарға сәйкестігі расталмауына байланысты болып отыр.
Брифинг барысында қаржылай және материалдық көмек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік осал санаттарға жататын балаларға көрсетілетіні атап өтілді. 2026 жылы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл шамамен 66 мың білім алушыға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Білім басқармасының басшысы цифрлық механизмді енгізу мемлекеттік қолдауды тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ететінін, көмектің негізсіз берілуіне жол бермейтінін және заңнамада белгіленген талаптарға нақты сәйкес келетін отбасылардың қолдау алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Брифинг соңында Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, қаржылай және материалдық көмекті тағайындау тәртібін, мемлекеттік қолдау алушыларды анықтау талаптарын және жаңа цифрлық механизмнің жұмыс істеу ерекшеліктерін егжей-тегжей түсіндірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1272540?lang=ru

Жауап қалдыру