
Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Александра Нуркенованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.
Жол бойында спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен фотосессия ұйымдастырылды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының дәл осы форматтағы іс-шарадан басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті.
«Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Таңертеңгілік ашық жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларға тұрғындардың белсенді қатысуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру», – деді министр.
Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ашық жаттығу және олимпиадашылармен бірге «10 000 қадам» іс-шарасы – Спорт күні қарсаңындағы спорт апталығының басы. Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.
Айта кетейік, «10 000 қадам» іс-шарасы «Спортшылар кеңесінің» ұйымдастыруымен өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1272310?lang=ru

Жауап қалдыру