Еңбек жолын қауіпсіз бастау: Түркістан жастарына қандай мүмкіндік бар?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Еңбек қауіпсіздігі – әр жұмыскердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты шарты. Сондықтан еңбек жолын енді бастап келе жатқан жас маман үшін кәсіби дағдылармен қатар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын білу әрі сақтау да маңызды. Бұл бағытта Түркістан облысында жұмыс берушілермен түсіндіру және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Түркістан облысында еңбек қауіпсіздігі мәселесіне айрықша мән беретін кәсіпорындардың бірі – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ. Мұнда трансформаторлар, электр қозғалтқыштары мен генераторлар өндіріледі. Кәсіпорында 700-ге жуық адам еңбек етеді.

Зауытта еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе жұмысқа жаңадан орналасқан жастарға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, қажетті нұсқамалар беріледі. Жұмыс барысында қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану, өндірістегі қауіп-қатерлерді білу және белгіленген талаптарды сақтау үнемі назарда болады.

«Біздің басты мақсатымыз – жұмыс беруші де, біз де бірлесіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау – барлығымызға ортақ міндет. Әр жұмыс орнында қауіпсіздік ережелері сақталып, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеуі керек. Сондықтан бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіледі», – дейді Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Амангелды Әліш.

Кәсіпорында жастардың кәсіби тәжірибе жинауына да мүмкіндік жасалған. «Жастар практикасы» арқылы мұнда әртүрлі мамандық иелері еңбек жолын бастап, өндірістің жұмысымен танысып жүр.

««Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы бізге жастар келеді. Олардың арасында техникалық мамандардан бастап гуманитарлық сала, экономика және басқа да бағыттардың өкілдері бар. Жастар өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды. Біз олардың кәсіби біліміне ғана емес, еңбек қауіпсіздігін дұрыс меңгеруіне де мән береміз. Жұмысқа келген әр жас маман қауіпсіздік талаптарымен танысып, қажетті нұсқамадан өтеді», – дейді «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ Еңбекті қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы Ильхам Мухамедов.

Жас маман үшін алғашқы жұмыс орны – еңбекке бейімделіп, кәсіби білігін арттыратын маңызды кезең. Осы уақытта қауіпсіздік ережелерін дұрыс меңгеру кейінгі еңбек жолында да маңызды рөл атқарады. Түркістан облысында жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 4 300-ге жуық жас жұмысқа орналастырылды. Өткен жылы бағдарлама аясында 8 282 жас жұмысқа жолданған.

Министрлік жастарды жұмыспен қамтумен қатар, олардың қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуіне де басымдық беріп келеді. Өйткені еңбек жолын дұрыс бастау – тек мамандық бойынша тәжірибе жинау емес, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастырудан басталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1272873?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді