Марат Ахметжанов Көкшетаудағы көпбейінді аурухананың құрылысы барысын инвесторлармен талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында заманауи көпбейінді облыстық аурухана салу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған ауқымды нысандағы құрылыс жұмыстарының барысы мен жобаны іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді облыс әкімі Марат Ахметжанов инвесторлармен өткен жұмыс кеңесінде талқылады.

Кездесуде инженерлік инфрақұрылымды дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 70%-ға орындалған және жылу әрі сумен жабдықтауды қабылдауға толық дайын. Алдағы уақытта Көкшетау қаласының әкімдігі нысанды қалалық инженерлік желілерге қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жабдықтарды іске қосу-баптау жұмыстарына көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс алаңындағы жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде: күн сайын мұнда 2300-ден астам маман және 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған, ал келесі аптадан бастап нысанға іргелес автомобиль жолының құрылысы басталады.

«Мемлекет басшысы көпбейінді облыстық аурухана құрылысы жобасы өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан ірі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бірі екенін атап өтті. Жаңа аурухана облыс тұрғындарына заманауи медициналық көмек көрсету мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады, сондай-ақ медицина мамандарының жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайды. Ақмола облысы құрылыс қарқыны бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Өңір ірі жобаларды жүзеге асыруға дайын, сондықтан бізге сенімді серіктестер қажет», – деді Марат Ахметжанов.

Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Инвесторлар тарапынан Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары баға беріліп, көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдірілді. Жаңа медициналық орталықты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1273233?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді