
12 тамыз 2026 жыл – Өскемен ЖЭО-да жаңа энергоблоктың құрылысы басталды. Жоба қаланың энергетикалық қуатын арттырып, Шығыс Қазақстан облысының жылумен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған іс-шара барысында уақыт капсуласы салынды. Іс-шараға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, қаржы ұйымдарының және «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының өкілдері қатысты.
Өскемен ЖЭО қаланың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету қажеттілігінің шамамен 85%-ын өтейді. Қала дамып келеді: жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандар салынуда, өнеркәсіптік өндіріс кеңейіп жатыр. Бұл жылу және электр энергиясына деген қажеттіліктің артуына алып келеді.
Жоба аяқталғаннан кейін станцияның жылу қуаты 130 Гкал/сағ, ал электр қуаты 100 МВт-қа артады. Құрылыс жұмыстарын 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа қуаттар жылу энергиясының қазіргі тапшылығын азайтып, қаланың одан әрі дамуы үшін қажетті резервті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаны дайындаудың негізгі кезеңдерінің бірі Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісім жасасу болды.
«Жаңа энергоблок қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл Өскеменнің одан әрі дамуы үшін қажетті қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба жаңа жұмыс орындарын құрады. Мамандар заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіре алады. Энергетика саласына жаңа қуаттармен қатар, сол нысандарда жұмыс істейтін білікті мамандар қажет», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Жаңа энергоблокты салу кезінде заманауи технологиялық шешімдер мен шығарындыларды тазарту жүйелерін қолдану көзделген. Бұл жылу және электр энергиясын өндіру тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіретін «Өскемен ЖЭО» ЖШС Еуразиялық даму банкі мен Halyk Bank-тің қатысуымен жүзеге асырады. Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар жоба аясында шамамен 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1272834?lang=ru

Жауап қалдыру