
2026 жылдың шілде айында бөлшек саудадағы 589 дәрілік препараттың бағасы төмендеді. Мониторинг 2 555 атаудағы дәрілік затты қамтыды.
Бақыланған позициялардың жартысына жуығы — 1 267 препарат бұрынғы бағасын сақтап қалды. Бұл ретте 147 препарат бойынша бағаның төмендеуі — 20%-дан астам, тағы 198 атау бойынша баға 10–20%-ға, 244 бойынша — 5–10%-ға төмендеді.
Бағасы төмендеген дәрі-дәрмектердің қатарында инфекциялық, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын препараттар бар.
Атап айтқанда, Зитмак® 250 мг №6 препаратының бағасы 24,25%-ға, Цефтриаксон 1 г — 22,03%-ға, Пантап® 20 мг №14 — 20,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 бағасы 14,7%-ға, Энап® 5 мг №10 — 13,27%-ға, Пульмикорт 0,25 мл — 11,09%-ға, Амоксиклав 875 мг/125 мг — 6,86%-ға арзандады.
Бағалар нақты уақыт режимінде бақыланады.
Дәрілік заттардың нақты құнына мониторинг таңбалау және қадағалау жүйесін пайдалана отырып жүргізіледі. Бұл жүйе медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы препараттардың қозғалысы мен бар-жоғын бақылауға, сондай-ақ нақты бағаларды мемлекет белгілеген шекті мәндермен салыстыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық құралдар фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді жедел көруге және белгіленген бағалардың асып кету жағдайларын бақылауға мүмкіндік береді.
Сатып алушылар үшін қосымша тексеру құралы — Naqty Onim мобильді қосымшасы. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторын, дәрі сатылатын дәріхананы, сондай-ақ белгіленген шекті бөлшек сауда бағасын білуге болады.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бағаны мемлекеттік реттеу тәсілдерін қайта қарады. Енді негізгі назар әлеуметтік маңызы бар және сұранысқа ие препараттарға аударылды.
Тізімді өзектендіру нәтижесінде мемлекеттік баға реттеуіне 3 039 рецептілік дәрілік зат жатады. Реттеуден 4 918 препарат, оның ішінде рецептісіз дәрілер және құны 1 МРП-қа дейінгі рецептілік препараттар шығарылды.
2026 жылдың 7 айында Шығыс Қазақстан облысы бойынша дәрілік затқа белгіленген шекті бағадан асырудың 1 фактісі анықталды. Бұл бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Аталған заң бұзушылықтар туралы DariKZ, Naqty onim мобильді қосымшалары арқылы хабарлауға немесе бірыңғай e-Өтініш платформасы арқылы, сондай-ақ Өскемен қаласы, Крылов көшесі 80 мекенжайында орналасқан ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне шағым жазуға болады. Телефон: 61-81-00.
Барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-vko/press/news/details/1273166?lang=ru

Жауап қалдыру