
Астанада Жастар күніне орай «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына экскурсия жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экскурсия барысында жастар орталықтың тарихымен танысып, әскери-патриоттық бағыттағы экспозициялар мен құнды жәдігерлерді тамашалады. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы мен әскери қызметтің маңызы туралы ақпарат алды.
Іс-шараның мақсаты – жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті қалыптастыру.
«Жастардың ел тарихын танып, әскери-патриоттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Бүгінгі экскурсия барысында олардың қызығушылығы мен белсенділігін көрдік. Осындай тағылымды кездесулер Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді. Жастар – еліміздің белсенді күші. Сондықтан олардың білімді, отансүйгіш әрі елжанды азамат болып қалыптасуына бірге үлес қосуымыз қажет», – деді «Жас Сарбаз» қозғалысының Астана қалалық филиалының төрағасы Айдархан Маханбет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1272751?lang=kk

Жауап қалдыру