
Өскемен қалалық мәслихатында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтіп, оның барысында депутаттар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді қарады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Өскемен қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу болды. Шешім жобасы Шығыс Қазақстан облысының даму жоспарына енгізілген түзетулерге байланысты әзірленді.
Ұсынылып отырған өзгерістер аясында қаланың инвестициялық жоспарын жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға, әлеуметтік сала объектілерін салуға, қала аумағын абаттандыруға, сондай-ақ цифрландыру, энергетика және спорт салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған жаңа іс-шаралармен және жобалармен толықтыру көзделіп отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша тұрақты комиссиялардың депутаттары аталған шешім жобасын Өскемен қалалық мәслихатының кезекті сессиясының қарауына енгізуді ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ukmaslihat/press/news/details/1273900?lang=ru

Жауап қалдыру