
Алакөл жағалауындағы таңғы тыныштықты Өскемен қаласының тұрғыны үшін күтпеген жағдай бұзды. Демалып отырған азамат жағалауға ұялы телефоны мен қолсөмкесін (барсеткасын) қойып, кейін заттарын сол жерде ұмытып кеткенін түсінген.
Алдымен өздігінен іздеп көрген. Алайда нәтиже болмаған соң, уақыт жоғалтпай полицияның модульдік пунктіне жүгінеді.
Полиция қызметкерлері бірден іске кірісіп, жағалаудағы ЖИ камераларының жазбаларын қарайды.
Кадрларды мұқият тексеру барысында жоғалған заттарды жағалаудан өтіп бара жатқан азаматтың тауып алып, полицияға табыстамақ болғанын байқайды. Осылайша камера жазбалары мен дрон көтеру арқылы оның қай жерде екені анықталып, іздеу жұмыстары нақты бағытқа көшеді.
Нәтижесінде демалушының ұялы телефоны мен барсеткасы шашамен бір сағат ішінде иесіне аман-есен қайтарылды.
«Шынымды айтсам, өзім таба алмай қатты уайымдадым. Телефоным мен барсеткамның табылатынына күмәнім болды. Полиция қызметкерлері бірден көмектесіп, камераларды қарап, заттарымды тауып бергенде қатты қуандым. Осындай жедел әрекеттері үшін алғыс айтамын», – дейді Өскемен қаласының тұрғыны.
Бір сағатқа жуық жүргізілген іздеу нәтижесіз аяқталған жоқ. Заманауи бейнебақылау жүйесі мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында демалушының жеке заттары аман-есен қайтарылды.
Жоғалған заттардың иесіне аман-есен табысталуына полиция капитаны Бейсканов Дастан, полиция капитаны Шора Ұлан және полиция лейтенанты Калиев Ерлан өз үлестерін қосты.
Бұл оқиға заманауи технология мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті қатар жүргенде, мәселенің шешімін қысқа уақытта табуға болатынын көрсетті.
Демалыста бір сәттік ұмытшақтық – полиция үшін шешілмейтін мәселе емес.
Алакөлде тәртіп пен қауіпсіздікпен қатар, демалушылардың жоғалтқан дүниесін табуға да көмек көрсетілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1272982?lang=ru

Жауап қалдыру