
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Армения палитрасы» көрмесі ашылды. Экспозицияға музей қорында сақталған армян суретшілерінің туындылары қойылды. Көрме көрерменді XX ғасырдағы армян халқының бейнелеу өнерімен таныстырып, Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамытуға бағытталады.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрмеге қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда мәдениеттің айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынас құрмет пен достыққа, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа негізделген. Бұл ретте мәдениеттің орны айрықша. Мәдени байланыс екі халықты жақындастырып, бір-бірінің тарихын, дәстүрі мен рухани құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік береді», – делінген құттықтау хатта.
Көрмеге кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған. Олардың қатарында Иван Айвазовский, Мартирос Сарьян, Минас Аветисян, Мариам Асламазян, Григор Ханджян және өзге де белгілі шеберлердің еңбектері бар.
Әр буын суретшілерінің туындылары арқылы XX ғасырдағы армян өнерінің дамуымен, жанрлық ерекшеліктерімен және басқа да бағыттарымен танысуға болады. Көрменің Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қорындағы туындылардан жасақталуы оның маңызын арттыра түседі. Музейде сақталған армян шеберлерінің еңбектері екі ел арасындағы көпжылдық мәдени байланысты да айшықтайды.
Музейлер арасындағы ынтымақтастық Армения Ұлттық галереясында жалғасын табады. Онда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қорындағы Вардгес Суренянцтың «Покинутая» туындысы таныстырылады.
Көрме 2026 жылғы 2 қыркүйекке дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1273306?lang=ru

Жауап қалдыру